Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі іспетті. Кір жуып, кіндік кескен ауылының ажарын кіргізіп, босағасына тепкілесе кетпейтін береке бітіріп отырған аптал азаматтарды көргенде кімнің де болсын кеудесіне қуаныш орнайтыны сөзсіз.


Әңгімемізге арқау болып отырған Қайнар ауылы — Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жүргізілген республикалық рейтингте ең үздік отыз ауылдың қатарына кірген, шаруасы шалқыған іргелі ауыл. Ауыл деген аты болмаса адам баласының жанына жақынның барлығы осында бар. Мыңнан асқан халқының өзінде он үш ұлттың өкілі жайлы қонысын тапқан. Ішіне кірсең шыққысыз жылы, жайлы екі қабатты мектебі заманауи оқу кабинеттерімен жабдықталған. Жаңа үлгідегі құрылғылар, интерактивті тақта, қоры толық оқу құралдары мен спорт залы, салтанат залдары да өзіндік үйлесім тапқан. Сәнді көше бойындағы «Алтын бесік» бөбекжайы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылы іске қосылған. Таңғы сегіз жарымнан кешкі алты жарымға дейін бес күн жұмыс істейтін бөбекжайдағы бүлдіршіндер күніне төрт мезгіл тамақтанады. Бөбекжайдың барлық бөлмелері қазіргі заманауи, спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Балаларға арналған жиhаздармен, интерактивті тақтамен, дидактикалық және үстел ойындарымен жабдықталған. Ақпараттық мультимедиялық ресурстардың көмегімен жеткізуге мүмкіндік беретін интерактивтік тақта акт залында орнатылған. Интерактивті тақта оқу- тәрбие үрдісіне жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу бағытында және бөбекжай ішінде іс-шараларды бейне таспалар арқылы тамашалауға мүмкіндік береді. Дәрігерлік амбулатория 2018 жылы «Қайнар» ЖШС–ның демеушілігімен ғимараттың қасбетіне жөндеу жұмысы жүргізілген. Амбулаторияға бас дәрігер Дарбаева Мадина Оразалиевна тағайындалып, тұрғын үймен қамтамасыз етілуімен қатар қаржылай көтерме жарна төленді. Әлі де болса жеке үй құрылысы салынуда. Қан қысымы жоғары, қант немесе демікпе дертімен ауыратын науқастар үнемі дәрігер бақылауында болып қана қоймай, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп отырады. Ауыл дәрігері әр науқастың аудан орталығына шапқылағанынан гөрі ем-домын жасауда да сапалы қызмет көрсетуде. Қайнар ауылындағы сауықтыру орталығы ғимараты бассейн, демалыс залы, душ кабиналары, құрғақ бу бөлмелерімен келушілерді қызықтыра түседі. Тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Ауыл наубайханасы «Қайнар» жеке шаруа серіктестігінің өз қаржы есебіне салынған, үйде қолдан салынғандай нан бағасы небары жүз-ақ тенге. Ауылдағы мәдениет ошағының жұмысы да жанданып тұр.
– Ауылдың өркендеуіне, кеңінен қанат жаюына өз үлесін қосу ата-бабамыздың аманаты тәрізді көрінеді. Сейітжаппар Алшынбекұлы ешқашан жасаған жақсылығын дабыралап, жұртқа жайып айтқанды ұната бермейді. Азаматты ісінен таны дегендей, алда тұрған қай істің болсын басы-қасында осы азамат, — дейді ауыл әкімі Азамат Абдрашұлы, — бастысы ауылда жұмыссыздық деген жоқ. Көпбалалы, жалғыз басты аналарға үнемі көмек көрсетіліп тұрады. Қарттар күні қарсаңында қырық төрт отбасына бір-бір қаптан ұн, отыз төрт мүгедекке қара мал еті таратылды. Қайнар — Қарағанды бағытындағы автобус тоқтаусыз жүріп тұр. Таяуда ғана тілсіз жау өрттің салдарынан үш үйдің қорасы өртеніп кетті. Әбүйір болғанда мал-жан аман. Тағы да Сейітжаппар Алшынбекұлы зардап шеккен әр отбасына көмек қолын созып, екі тіркеме шөп, екі тіркеме сабан, жем түсіріп, үш жүз мың теңдеден ақшалай көмектесті. Ауыл тұрғындары да жағдайларына қарай ақшалай жәрдем жасады. Міне, ауылдастардың бір қасиеті осындайда, — деп сөзін қорытындылады.
Аптаның әр сәрсенбісінде жәрмеңке, бейсенбі күні «таза бейсенбі» күні ұйымдастырыл-ған. Ауыл көшелері күл-қоқыстан арылып, қысқа еш қалдық қалдырылмастан көшелердің барлығы тазаланған. Ауыл тіршілігінің күретамыры есептелетін жолдары асфальтталған. Көшелердің басым бөлігі тағы да жарықтандырылған. Ауыл халқының тыныс-тіршілігіне бас-көз болып отырған Сейітжаппар Алшынбекұлы Нығметов ауылдастарының алғысына бөленіп отыр. Қай істің болсын басына ауылдың аптал азаматының еңбегі тұр. Алшынбекұлы көкірегіндегі көрікті ойдың көп-көрім жүзеге асқанына өзі де шексіз қуанышты. Туған жерінің кәдесіне жарады. Азамат болып туғаны рас болса, ауылдың еңсесін көтеру ләзім. Одан артық бақыт бар ма?
Қазір Қайнар ауылының күмбезін арайлы күн шалып тұр. Болашаққа деген сенім мықты. Береке үйірер бірлік бар. Қаумаласа, қарбанып баянды болашаққа бет алған атақоныстың түтінінің түзу ұшуына елін сүйген, жұртын қадірлеген Сейітжаппар Алшынбекұлы тәрізді бітімі бөлек азаматтардың жанашырлығы сеп болып тұр.
Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”