«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Қарағанды облысы бойынша филиалында кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) шеңберінде және 2023–2025 жылдар кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде өңір халқы үшін медициналық қызметтерді сатып алуға бағытталған бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуы мәселесі бойынша жоспардан тыс ішкі мемлекеттік аудит аяқталды.
Бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша жалпы сомасы 536 702,7 мың теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде 113 443,3 мың теңге республикалық бюджет кірісіне өтелуге жатады, ал 423 259,4 мың теңге медициналық ұйымдардың қаражатты «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ шотына аударуы арқылы қалпына келтірілуге тиіс.
Аудиторлық іс-шаралар барысында медициналық ұйымдар өз еркімен 13 811,0 мың теңге көлеміндегі қаражатты өтеп, бюджетке қайтарды.
Бақылау барысында жекелеген денсаулық сақтау субъектілері тарапынан өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамау фактілері анықталды.
Негізгі бұзушылықтардың қатарында:
көрсетілген медициналық көмектің нақты көлемін асырып жазып көрсету;
есептілікте іс жүзінде көрсетілмеген медициналық қызметтерді белгілеу;
азаматтарды медициналық ұйымдарға жалған (жасанды) тіркеу;
бірдей процедуралар үшін екі рет ақы төлеу фактілері;
МӘМС қаражатын заңсыз иемденудің өзге де схемалары анықталды.
Бақылау қорытындысы қаржылық тәртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етуге және бақылау процестерін жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған шаралар кешенін әзірлеуге негіз болды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және қаражаттың мақсатсыз жұмсалуын болдырмау мақсатында қаржылық бақылаудың бірыңғай цифрлық экожүйесін енгізу жоспарлануда. Оның құрамына:
«Қалқан» (Qalqan) мамандандырылған цифрлық платформасы;
автоматтандырылған антифрод-жүйе;
деректерді терең талдаудың тәуекелге бағытталған алгоритмдері кіреді.
Жаңа IT-құралдарды интеграциялау уәкілетті органдарға нақты уақыт режимінде (онлайн) медициналық көмектің қалыптан тыс (аномальды) көлемдерін анықтауға, жаппай асыра жазып көрсетудің жолын кесуге, сондай-ақ өнім берушілердің жалған қызмет белгілері мен көрсетілген қызметтер көлемін қолдан ұлғайту әрекеттерін бұғаттауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысы бойынша
ішкі мемлекеттік аудит департаменті
сәйкестік аудиті бөлімінің басшысы
Жаңағүл Әбілғазықызы Куленова