Таяуда  Байтуған ауылында жаңа мешіт бой көтерді. Бір мезетте жүз  адам құлшылық ететін ғимарат ауыл тұрғындары үшін кең сарай деуге тұрарлық. Өйткені ауыл тұрғындарының бастамасымен  тұрғызылған құлшылық үйіне қажетті қаражатты ауыл халқы өздері жинап, бастан-аяқ құрылысын да өздері жүргізді.  
Мешіттің ашылу салтанатына облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы келді.  ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы сәлемін жеткізді. Заманның қымбатшылығына қарамастан, өз қаражаттары мен қол көмек, еңбек көмек, сөз көмектерін аямаған ауыл тұрғындары мен жастарының ынтымақтарына ризашылығын білдірді. Ауыл  мешітінің  имамы Хусман Разах ақсақалға шынайы рақымшылығын жеткізіп,   мешітке әкелген сый-сыяпат хадиялар мен құнды кітаптарды естелік ретінде  табыс етті.
  -Мынадай  қымбатшылық заманда  құрылыс жүргізу оңай шаруа емес. Осы орайда  Нұрдәулет Елеусізұлы, Айтбай Зейнікенұлы, Жанайдар Болатұлы сияқты ел ағаларына алғысым шексіз. «Келісіп пішкен тон келте келмес»  дегендей, осы азаматтардың ақылымен басталған шаруа. Ғимарат құрылысын бастауға мұрындық болған  Мақсат Сұлтанұлы, Жасұлан Тұяқұлы, Азамат Нұрдәулетұлы тәрізді жастар игі  іске жанашырлық танытып, бастан-аяқ ие болды десем артық айтқандық емес. Өз басым жастардың еңбегіне шексіз ризашылығымды білдіремін, - деді бізбен әңгімесінде ауыл имамы Хусман Разах ақсақал, -  Қосшы қаласында тұратын  Қанат қажы Қуанышұлы құрылыс жұмысына қомақты қаржы аударып, тілектестігін іспен дәлелдеді. Қайырымды адам – қашан да жақсылыққа жаны құмар жан. Алла разы болсын дегім келеді. Халық игілігі үшін тұрғызылған мешітте адам аяғы арылмайды деген сенімдемін. 
   Мешіттің ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Төлеген Хамзеұлы Оспанов барша ауыл тұрғындарының бірлік-берекелі істеріне жүрекжарды тілек тілеп, алғысын білдірді. Ауыл ақсақалы Зейнолла Әлиакпарұлы жамағатқа  ақ батасын берді. Жамағатпен бірге жаңа мешітте жұма намазы оқылып, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тілеп, дұға жасалды. Жиналған жамағатқа арнайы мол дастархан жайылды. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері  адамгершілік пен имандылыққа шақырған ән-жырларымен шашу шашты. 
  Ел игілігіне есік ашқан мешіттеріңіз жамағатқа толы болғай!

Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial