«Ғасырдан жұмбақ ашқан талай кісі.
Сырың мол, мұра ғажап арайлысың.
Сан ұрпақ сусындаған кітапхана,
Сарқылмас парасаттың сарайысың» – деп ақын Ақұштап Бақтыгереева жырлағандай, кітапсүйер қауымның бұлағынан бастау алып, оқырмандарына қызмет ете бастаған кітапхана – бүгінде ғасырға жуық тарихы бар білімнің, елімізді, егемендігімізді танытатын рухани орда.
Осы қасиетті қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, оқырманды кітап мұхитына жетелейтін — әрине кітапханашылар.
Кітапханалардың ақпараттық, интеллектуалдық және рухани ресурстарын бәріне қолжетімді және пайдалы ету — біздің мақсатымыз. Бүгінгі таңда кітапханашылар оқырмандарға қызмет көрсетуде заманауи талапқа сәйкес Интернет желісін, қашықтағы электронды деректер базасын, виртуалды анықтама беру, электронды құжат жеткізу қызметін жиі пайдаланады. Онлайн іс-шаралар әлеуметтік желілер арқылы өз оқырманын табуда. Жастар арасында кітап оқуды насихаттау мақсатында «Телеграм» мессенджерінде арнайы каналы ашылды. Оқырмандар саны 7 мыңнан астам, көрілім 210 мың. Сондай–ақ, оқушы балаларға арналған аудиокітаптар және ертегілер жарияланып тұрады.
Өтпелі жылы Нұра кітапханаларында барлық негізгі оқиғалар ақпараттық-кітапханалық сүйемелдеуге ие болды. Оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында акциялар, кездесулер, көрмелер және байқаулар ұйымдастырылды. Осы жұмыс бойынша аудандық кітапханалар жүйесі айтарлықтай табысқа жетті. 2021 — 2022 жылдары Нұра ауданының кітапханашылары халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 2021 жылы А.Бартоның шығармашылығына арналған халықаралық байқауда біздің бес оқырманымыз екі номинация бойынша жүлделі орынға иеленді. Ж. Ерманның 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Қазақ іздеп жүрмін…» атты республикалық байқаудың жеңімпазы болып Изенді ауылының тұрғыны Б.Сәрсенбеков атанды.

Биылғы жылы Мұзбел ауылының тұрғыны Жанаргүл Самет «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ..» атты республикалық дәстүрлі XII Қасым Аманжолов оқуларында үшінші орынға ие болды. Изенді ауылының кітапханашысы А.Бердешева республикалық «Рухани қазына-2022» фестиваліне қатысып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Вице- министрі Н.Дәуішовтың Алғыс хатымен марапатталды. Облыстық «Ойөріс» зияткерлік интеллектуалдық телеойынында Нұра ауданы Б.Ысқақұлы атындағы орталық кітапхана қызметкерлері жеңімпаз атанды.
Республикалық «Шынның жүзі – Шераға» поэтикалық мүшайраға қатысқан Ақмешіт ауылының тұрғыны диплом және сыйлықпен марапатталды. Ақселеу Сейдімбековтің шығармаларына арналған облыстық мүшайраға және облыстық «Арқаның ақын арулары» байқауына Ақмешіт ауылының жас ақыны Айтолқын Жанабай қатысып, құнды сыйлыққа және марапаттау қағазына ие болды.
«Менің арманым бар» атты республикалық шығармалар сайысында біздің 2 оқырман жоғарғы баға алды. Биылғы жылы Ә.Әбишевтың 115 жылдығына және Ғ.Мұстафиннің 120 жылдығына арналған облыстық өлкетану сайысында Кертінді ауылының оқырманы «Ең жақсы буктрейлер» номинациясында, ал Қарой ауылының оқырманы «Ең жақсы иллюстрация» номинациясында мақтау қағазымен марапатталды. Нұра кітапханалары «Абай — Ұлы даланың дара данышпаны» атты ХVІ Абай оқулары шеңберінде облыстық байқауға қатысқан Ахметауыл, Байтуған, Баршын, Жараспай, Изенді, Қайнар, Қарой, Кертінді, Көбетей, Мұзбел, Шұбаркөл және Нұра кентінің оқырмандары алғыс хаттармен марапатталды.
Кітапхана жұмысының маңызды да басым бағыты — өлкетану. Өлкетанулық мағынасы бар құжаттар қоры цифрланып, мәтіндері РАБИС (республикалық автоматтандырылған кітапханалық ақпараттар жүйесі) бағдарламасының «Өлкетану» каталогына байланған. Осы бағыттағы жұмыс аясында оқырмандармен аудан тарихына із қалдырған тұлғалармен кездесулер өткізіліп тұрады. Еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері мен ақын- жазушыларының шығармашылығын насихаттау бойынша іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жазғы айларда әдебиетші, филология ғылымының докторы Д.Шалабековтің 100 жылдығына арналған «Өлмейтұғын артына із қалдырған» атты эссе сайысы жоғары деңгейде өтті. Осы мерейтойға арналған Нұра кенті – Ақмешіт ауылы бағытында веложорық ұйымдастырылды. Алғаш рет республикада болмаған кітапханалық веложорықты ойлап тапқан біздің аудандық кітапхана мамандары болатын. Қазір жыл сайын дәстүрлі түрде бір веложорық ұйымдастырылып өткізіліп тұрады.
Аудан кітапханашыларының шеберлігін арттыру мақсатында Б.Ысқақұлы атындағы орталық кітапхана әдістемелік көмек ұйымдастырып, кәсіби байқаулар өткізіп жатыр. Осындай маңызды жұмыста ауданымыздың әр кітапханасының қосқан үлесі мол. Ал алдыңғы қатарда табысты жұмысымен көзге көрініп жүрген келесі ауыл кітапханашылары – Изенді (А.Бердешева), Заречное (Ж.Сүлейменова), Байтуған (Н.Вагнер), К. Мыңбаев (Х.Карисова), Кертінді (Б.Ахтямова), К.Мыңбаев балалар кітапханасы (Б. Белиспаева), Егінді (А. Оспанова), Көбетей (Тажмағамбетова М.), Ахмет (Г. Көшкімбаева), Кертінді балалар кітапханашысы (А.Малибаева), Тассуат кітапханашысы (С.Кухарская), Мыңбаев ауылдық кітапханашысы (Х.Карисова), Ақмешіт ауылдық кітапханашысы (Б.Мұстафина). Осы кітапханашылардың қатарынан орын алған оқырманды дайындаған Мұзбел кітапханашысы (Бекеева Г.) қосылды. Араларында кәсіби шеберлігі мен ісіне адалдығы үшін жоғары марапаттарға ие болғандары да баршылық.
Кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру мақсатында Мәдениет министрлігінің ұсынуымен 24 қазан — Кітапханашы күні Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелер тізіміне қосылды. Ауданымыздың әр тұрғынының рухани дамуына өз сүбелі үлесін қосып жатқан аудан кітапханашыларын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол шығармашылық табыс тілейміз!
С.Жұмабеков
Нұра орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің
басшысы