Қарой ауылының тұрғыны, 80 жастың төріне шыққан Күлпараш Бакиева апайды ауыл әкімі Сағындық Абенов пен ауылдың ардагерлер ұйымының төрағасы Бегайдар Смаиловпен 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында шаңырағына арнайы барып құттықтады.
Адамға жарық дүние сыйлаған ана махаббатының құдіретін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Адамзат мекен еткен Жер шарының әр түкпірінде, әр үйде мейірім мен мерейдің, достық пен туыстықтың, теңдік пен бостандықтың туын тіккен – аналар.
Аналар қай елде, қай жерде өмір сүрсе де, ортақ мақст жолында – балаларының бақыты үшін, шат күлкісі, қуанышқа толы тұрмысы үшін күреседі. Ана болудың ауырлығы да, аяулылығы да осында. Осындай аналардың бірі — жерлесіміз, батыр ана Бакиева Күлпараш Күлтасқызы. Сексен жастың сеңгіріне шығып, асырап жеткізген сегіз баласынан он жеті немере, он төрт шөбере сүйіп отырған аяулы да бақытты жан.
«Алтын алқа» иегері Күлпараш апай еңбекке жастайынан араласқан. Отбасын құрып, балалы-шағалы болған сәтте де еңбектен қол үзбеген. «Ана бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» деп тегін айтылмаса керек. Бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отыр. Арнайы құттықтай барған біздерге алғысын білдіріп, аналық махаббатпен батасын берді.
Қарой ауылының басттауыш ардагерлер ұйымы