Ана дегенде жас та, кәрі де өзінің ең қастерлі адамын — анасын есіне түсіріп, кейпін көз алдына елестетіп, жүрегі елжірейді. Өзіміз де балалы болып, оларды өсіріп-жеткізіп, немере көрсек те, анамыздың асыл бейнесін бір көргіміз келіп тұрады.
Ана – өмір бастауы. Анаға бір күн емес, күнде бас исең де, артық емес. Балықтыкөл ауылы шағын болғанымен, мақтан етерлік алтын құрсақты аналар мен асыл әжелер баршылық. Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесіне орай алтын құрсақты аналар мен ақ жаулықты әжелеріміз, ауыл медбикесі Диханова Боранкүл мерекелік кездесуге арнайы шақырылды. Ауыл әкімі Кульмаганбетов Жеңіс Орманұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудан тарапынан берілген Алғыс хатты ауған соғысы ардагерінің анасы, күміс алқа иегері Исжанова Айымкүл әжеміз бен 30 жылдан астам еңбек өтілі бар ауыл медбикесі Диханова Боранкүлге табыс етті. «Асыл әже, ардақты ана» атты бағдарлама аясында көпбалалы 9 анаға, 65 жастан асқан, бүгінгі күнде бейнетінің зейнетін көріп отырған, асыл текті 11 әжеге өз демеушілігімен алған сыйлықтарын әкім Жеңіс Орманұлы аналарға ақжарма тілегін айтып, ыстық ықыласпен жеткізді. Әдемі шараның мазмұнын тереңдетіп, бастауыш сынып ұстазы Тұрсынбекова Бақытжан Тусупова Айсұлу, Уалихан Еркежан, Хамит Сезім, Ташмағанбетова Айгерім сынды оқушы қыздарымен аналарға әннен шашу шашты. Айымкүл әжей кеш соңында тілегін білдіріп, ақ батасын берді. Мерекелік іс-шара ауыл кітапханасында өткізіліп, кітапханашы Камзина Әмина Сүйіндікқызы да келгендерге тілек айтып, алғысын білдірді. Ардақты аналарымыз, қызғалдақ қыздарымыз, мерекелеріңіз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай !
Б.И.Култасова
Балықтыкөл ауылының
зейнеткері