М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде ҚР халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылған апталық аясында бүркіттану кабинетінің тұсауы кесілді.
Қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне ақын, әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Б.Ысқақұлының есімі берілді. Рухани шараға аудандық білім бөлімінің маманы С.Е. Біләлова, мектеп басшылығы мен ұжымы, оқушылар қатысты. Кабинет лентасын қию мәртебесі мектеп директоры К.Жанқуатова мен білім беру бөлімінің маманы С.Біләловаға берілді.
Білім ордасында ұйымдастырылған шара оқушылардың шығармашылығымен жалғасты: мектеп тәрбиеленушілері ақынның шығармаларын жатқа айтып, күмбірлеген домбыра шанағынан күй төгіп, келген қонақтарды өнерлерімен сүйсіндірді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ашылған кабинеттің ішінде ақын әлемінен сыр шертетін деректер жинақталған «Елін сүйген ердің ізі» тақырыбында ақпараттық стенд ашылды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ақынның ғибратқа толы өмір жолына тоқтала, тағылымға толы ой қозғады.
Бүркіттанудың алғашқы жылы, былтырғы оқу жылында, қарымды қаламгердің шығармашылығына арналып мектепішілік онкүндік ұйымдастырылып, көптеген іс-шаралар өтіп, көпшіліктің санасына құйылған-ды. Атап өтер болсақ, мұражайдан ашылған бұрыш, суреттер көрмесі, ғұмырнамалық ауызша журнал, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісінің желісі бойынша сахналанған қойылым, ең бастысы, алғашқы «Бүркіт оқулары» байқауы көп көңілінен шықты. Арнайы шақырылған тарихшы, жас зерттеуші, бүркіттанушы Әділет Жағыпар онкүндіктің жабылу салтанатына қатысып, Нұра кентінде Бүркіт Ысқақұлы өмірі мен шығармашылығын қайта жаңғыртып, карантин жағдайында болса да, мектеп ұжымының үлкен жұмыс жасап, тыңғылықты дайындықтарын ескеріп, ұлт руханиятына қосқан үлеске ақжарма тілегін жаудырып, жеңімпаздарды марапаттады. Жас өскіннің бүркіттануға қосқан үлесі жиналған көпшілікті қуантты. Сол игі бастаманың жалғасы ретінде биыл «Бүркіттану» аясында оқушыларға факультативтік курс та енгізілді.
Атаулы кабинетте оқушылар Б.Ысқақовтың шығармаларымен танысып, толықтай саналарына сіңіріп, Бүркіт оқуларына осы кабинетте дайындалатын болады. Шара қонақтары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жоғары баға беріп, әдемі көңіл күймен тарқасты.

С.Серікбаева
М.Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебі

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial