Бәрекелді! М.Жұмабаев атындағы ЖББ мектебінің қос шәкірті жалпы білім беретін республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, аудан абыройын асқақтатты. Олар — 11 «Ә» сыныбының оқушысы Картаев Тамерлан, 10 «А» сынып оқушысы Төлеубай Ақмарал.
Еліміздегі эпидахуалға орай қашықтан өткізілген білім бәйгесіне 9-11-сынып оқушылары қатысып, екі кезең тапсырмалары бойынша білімдерін сарапқа салды. Кіл мықтылар іріктелген аламанда терең білім мен қажырлы ізденістің, жүйелі дайындықтың нәтижесінде Тамерлан физика пәнінен 2-орын, Ақмарал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 3-ші орынды қанжығалады. Оқушыларымыздың жеңісі – өздерінің ерен еңбегінің нәтижесі, олардың бойындағы ерекше дарынды ашқан және оны дұрыс бағытқа бұра білген ата-аналары мен ұстаздарының мерейі екені сөзсіз.
Шәкірттеріміз жүзден жүйрік шығып, гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша білім бәйгесінде жеңімпаз атанып, қалалық мықты мектептердің қатарында бәсекеге түсіп, орын алулары қуанышты жайт. Ұстаздарымыз үшін оқушыларының жетістікке жетіп, марапатталуларының орны айрықша, салмағы да басым. Дарытқан білімің мен берген тәлім-тәрбиеңді, тәжірибеңді шәкірттеріміз өз санасына сіңіріп, жетістікке жетіп жатса, ұстазға бұдан биік марапат бар ма?!
Мектеп ұжымы жүлделі орындармен оралған оқушыларымызды құттықтап, пән мұғалімдеріне алғыс білдіреді. Білімді оқушыларымыздың болашағы жарқын, алар асулары биік болсын!
С.Серікбаева
М.Жұмабаев атындағы ЖББ мектебі