Таяуда Астана қаласында Нұра аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы Нукушев Құсаин Бақышұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атты республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Қоғамға қосқан айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атты байқауының төсбелгісімен марапатталды және куәлік берілді.
Иә, жерлесіміз Құсаин Бақышұлы еңбек жолын 1985 жылы Нұра ауданы «Парижская коммуна» совхозында қарапайым жұмысшы ретінде бастап, өмір баспалдағымен фуражир, слесарь, нұсқаушылық жұмыстарын атқарды. «Берекелі» шаруа қожалығының басшысы. Заречный орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, кейіннен осы мектепте директор, Нұра аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры, Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің бөлім меңгерушісі, Қарағанды облысы білім басқармасының Нұра көпсалалы колледжі директоры, Нұра ауданының спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы, Р.Қошқарбаев атындағы ЖББМ директоры қызметтерін де абыроймен атқарды.
- Жастайымнан спортқа әуестігімнен Қарағанды қаласында спорт мектебін тәмамдадым. Қазіргі уақытта Нұра аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы бола жүріп, жасөспірімдерді бокстан республикалық деңгейдегі жарыстарға қатыстырып жүріп, бірнеше дүркін жеңімпаз атандық. Астана қаласында өткен біріншілікте Төлеухан Аңсар ( 28 келі салмақта), Дәлелхан Әділхан (34 келі салмақта), Болат Нұрислам (40 келі салмақта) 1-орын , Дәлелхан Батырхан (36 келі салмақта) 2-орын, Ниязбек Марғұлан (38 келі салмақта) 3-орын иеленді. Мамыр айында Астана қаласында өткен республикалық біріншілікте Зейнекен Мағжан 1-орын иеленді. Қыркүйек айында Астана қаласында өткізілген халықаралық Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің дүлдүлдері қатысқан жарыста Назар Санжар (36 келі салмақта), Болат Нұрислам 2-орын, Төлеухан Аңсар (30 келі салмақта) 3-орын иеленді. Бала кезден арманым бапкер болу еді. Бапкер ретінде өз оқушыларымның осындай жүлделері мені қанаттандырады. Адал еңбегімнің зая кетпегені деп білемін. Спортпен айналысыңыздар. Нұра кентінде заманауи ғаламат спорт кешені сіздер үшін жұмыс істейді. Тек уақыт тауып келсеңіздер барлық жаттықтырушы сіздер үшін қызмет атқаруға дайын , — деді бізбен әңгімесінде Кұсаин Бақышұлы.
Жақсылық жасаған адам ерте ме, кеш пе өз сыйын алады. Адами қасиетіңізге лайық құрметіңіз адал еңбегіңіздің жемісі деп білейік.
Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”