Жерлесіміз Сәкен Сатыбалдыұлы Жұмабеков бүгінде асқаралы алпыстың төрінде, пайғамбар жасын бағындырып, өмірінің шуақты бір   мезетіне өтті.

      Нұрлы Нұраның тумасы. Ауданның  өркендеу жолында атқарған еңбегі ел алдында. Сәкен Сатыбалдыұлын танымайтын нұралық кемде-кем. Негізгі мамандығы тарихшы Сәкен ағаны жаңа жасымен құттықтап, арнайы жұмыс орнына іздеп бардым.

    Мен алғашқы еңбек жолымды Нұра ауданының білім саласында бастадым. Ол кезде Сәкен аға аудандық білім бөлімінің басшысы. Жүрексіне кабинетіне аяқ басқан жас маманға ерекше сенім білдіріп, алғашқы еңбек жолыма жолдаманы берген азамат болатын. Мен үшін ұмытылмас өмірімнің бұл мезеті әр кез өзіммен бірге. Қазір де келе жатып, сол сәт есіме еріксіз оралды. Сол кезде адамгершілігіне ерекше риза болған едім. Араға жылдар салып мен мемлекеттік қызметке ауыстым. Сәкен аға ол кезде аудандық ішкі саясат  бөлімінің басшысы қызметін-де болды. Іле мен аудандық «Нұра» газетіне бас редактор болып тағайындалдым. Бұл кезде менің бүгінгі әңгімеме арқау болып отырған кейіпкерім аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқар-ды. Жауапкершілігі жоғары маманға ғана жауапты қызметті ұсынары анық. Сәкен Сатыбалдыұлы — жауапкершілігі жоғары, жаны адал, жүрегі таза азамат. Бүгінде  ауданның Бүркіт Ысқақов атындағы орталықтан-дырылған кітапханалар жүйесінің директоры.  

  Әңгімемізді жалғастыра отырып:

   —  Бүгінгі мезет, 63 жасқа келгенде қандай сезімде отырсыз? — деп ойымен бөлісуді сұрадым.

  — Атап айтқанда 63 деп, жарты ғасырдан астам өмірді артқа қалдырып отырған шағым ғой. Солай десе де, осы уақытым көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай. Өзіме-өзім  есеп бергенді мен әдетке айналдырғалы  қашан. Қазір де солай. Дұрысым мен бұрысымды өлшеп отырам. Қолымнан келгенше жақсы-лық жасап, айналамдағы қоршаған ортамнан да осы жақсылықты көргім кеп, іздеп отырам.

 — Отбасыңыз туралы бөліссеңіз? – деген сұрағыма бірден өзі құрған отбасы емес, өзін қалыптастырған, осы өмірге бейімдеген әке ақылы мен ананың мейіріміне шуақтанған жанұясы жайлы  әңгімесін тарқата кетті.  Жанарының сәулесі  ерекше реңге еніп, жүзі де нұрлана түскендей болды.

 Отбасында  апа-қарындас-тарының  арасында ер жеткен Сатыбалды әкесі мен Зейнегүл анасының көп үміт артқан ер бала еді.    Азан шақырып қойған аты Сүлеймен болғанмен, еркелетіп Сәкен деп атаған. Осы есім күні бүгінге дейін Сәкен Сатыбалдыұлы атандырып келеді.

    — Әкем    бухгалтерлік қызмет атқарды, анам үйде біздің тәрбиемізбен айналысты.  Әлі есімде, кеш батса отбасымызбен жиналып, әкем оқу білетін   апаларыма кітап оқытатын. «Жапандағы жалғыз үй», «Ымырт» повестерін әкемнің жанында жастыққа шынтақтап жатып тыңдайтынмын. Ол кезде мектепке бармаймын. Кейін әріп таныған соң, ата-анама «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарын оқып беретінмін,- деп  бір жымиып, ойлана келе,  бал-балалық шақтағы әңгімесін жалғастырды.

   Балалық шақтан бүгінгі күнге дейінгі уақыт әңгімеге арқау болды. Қазіргі Құланөтпес Донской ауылынан еңбек жолын бастаған. Қарағанды мемлекеттік университетінен жоғары білім алған.  Кеңес үкіметінің ыдырап, Қазақстан егемендігін алған тұстары  1989-1996 жылдары Дон орта мектебінде директорлық қызмет атқарған.  Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы он жылы өте ауыр болғанын көзіміз көрді. 1996-2001 жылдары аудандық білім бөлімін басқарған, мұнан кейін де аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы,  «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ауыл әкімі,  Нұра аудандық әкімдігінде жауапты қызметтерде табысты еңбек атқарған. Еңбек еленіп, мемлекет тарапынан алған марапаттары да жетерлік.

    Бүгінде Сәкең — аяулы жар, мейірімді  әке, мейірбан ата. Өмірде қолы жеткен жетістіктерінің бәрінің артында ошағының иесі, балаларының анасы, соңынан ерген немерелерінің    әжесі Салтанат Смағұлқызы тұрғанын ерекше атап өтті.  Алланың бергенін бағалай білу де — ақжүректінің ісі. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аялап өсірген  Ержан, Нұржан, Аяжан бүгінде ер жеткен. Әрқайсысы бір-бір отбасының тірегі, жүрегі болып отыр. Көзінің ағы мен қарасындай болған балаларының өмірден өз орнын тауып, әке мен ана берген тәрбиеге кір келтірмей, қара шаңырақтың керегесі мен өрісін кеңейткеніне риза. Бүгінде риясыз көңілде отырған  Сүлеймен ата мен Салтанат әженің  тамырын тереңге бойлата  құрған шаңырақтың  жайқалған жап-жас жапырағы боп көктеп келе жатқан немерелерінің тәтті күлкісі мен қылығы  өмірінің мәні мен қызығына айналған.

 Әңгіме барысында тағы бір байқағаным, Сәкен аға биязы мінезімен ерекшелене түседі. Жауап бермес бұрын тыңдап алу — менің кейіпкерімнің басты қасиеттерінің бірі. Мұны мен ең алғаш жұмыс сұрап алдына келгенде де байқағам. Әлі сол қалып, еш өзгермеген. Әкенің қанымен, шешенің ақ сүтімен бойына дарыған бекзат мінез өмірлік темірқазығындай. Әрқашан ерекшелеп, мен мұндалап, болмыс-бітімін ірілеп  тұратындай болып көрінді маған.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial