Әр жыл мезгілінің өзіндік ерекшелігі бар. Соның бір көрінісі — қыс қызығы сырғанақ.

   Бүгінгі  әңгімеміздің  арқауы  — Ақмешіт  ауылының көпсалалы кортына құйылған мұз айдыны төңірегінде болмақ. Мұндай мұз айдыны қазір Нұра ауданына қарасты біраз ауылда бар. Оның несі жаңалық  деуіңіз де мүмкін.

    Жаңалығы  — хоккей спортына баулып жүрген жаттықтырушыда. Ауыл балаларының басын қосып, қолдарына хоккей таяқшасын ұстатып, мұз үстінде ойынның ережесін түсіндіріп,  әдіс-тәсілін насихаттап жүрген ауыл ақсақалы туралы.  Ағымдағы жылы алпыс бес жасқа қадам басқан                 Арышкенов Сайрам  Нығманұлын балалар өз атасындай көріп кеткен. Күнде түс ауа мұзы жалтыраған көпсалалы кортта кездесіп, хоккей ойынының көрігін қыздырады.

     Сайрам Нығманұлының қимыл- қозғалысы ширақ. Конькиде екі аяғынан нық тұрып, шыр айналып сырғанағанда анау-мынау жігітті жолда қалдырады.  Қимыл — қозғалысы спортшыдан кем емес. Ісі көпке үлгі ақсақалмен тілдестік.

— Коньки тебуге бала күнімнен құмармын. Жетпісінші жылдардың басында пиманың сыртынан темір конькиді байлап, Нұра өзенінің  мұзында теуіп, жаттығып өстік қой. Қазір барлық жағдай жасалған. Ауыл әкімі Айдос Акашевқа рақмет, әркез қолдап жүреді. Мұзды міне, әкімдікте жұмыс атқаратын Азамат Смагулов, Сұңғат Зайтов, Жетпіс             Баубеков және мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдерімен құйдық. Тіпті, мектепте балаларға арналған коньки де бар. Тегін беріледі. Тек 39-шы өлшемге дейін ғана. Одан жоғары өлшем болмай тұр.   Қазір демеуші қарастырып жатырмыз.             40-42-ші өлшемдегі коньки алдыртуға,  — дейді Сайрам Нығманұлы.

    Ауыл балаларының басын қосып, біріншіден, ұйымшылдыққа, екіншіден, спортқа бейімдеп жүрген ақсақал бұдан бөлек волейбол мен футбол ойындарының жанкүйері. Ауыл мектебінің спортзалында ауыл жастарымен тең түсіп ойнайтынын атап өтті ауыл мектебінің дене тәрбиесі пәнінің ұстазы             Жадыра Мұхтарқызы.

 «Шынықсаң, шымыр боласың» дейді. Салауатты өмір салтын ұстанған ақсақалдың ұйымдастыруымен құралған 40 жастан асқан ауыл азаматтарының командасы аудан деңгейінде өткен волейбол мен футбол жарыстарында топ жаруда. Мұны мақтанышпен жеткізе келе, қазіргі заманғы балалардың телефон мен компьютерге шұқшиған ісіне наразылығын білдірді.

  — Неғұрлым көп қимылдасаң, соғұрлым түрлі аурудан аулақ боласың. Қазіргідей індет жаулаған заманда таза ауада спортпен шұғылданған дұрыс.  Спорт жас талғамайды.    Қасыма қатарластарым қосылса, қуанар едім. Өзімді спорттан бөліп қарай алмаймын. Спорт — менің өмірім,- дейді ардагер спортшы                  Сайрам Нығманұлы.

 Тазагүл ПІШЕНБАЕВА

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial