Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, — деп Ж.Молдағалиев жырлағандай, қазақ халқының басынан өтпеген зұлмат кемде-кем екені баршаға аян. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен қиын заманның бейнесі алыстап, бүгінде ата-бабамыз армандаған «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманда тіршілік етіп отырмыз. Дегенмен, мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихтың шерлі беттері ұрпақ жадында мәңгі сақтала бермек.
Тарихымыздың қасіретті беттерінің бірі — «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» айналған жылдар. Келер ұрпақтың санасына өткен тарихтың уытты оқиғаларын айтып қана қоймай, өз көздерімен көруге мүмкіндікті мұражайлар беретіні анық! Міне, осы қасіретті тарихты өз көздерімен көріп қайту мүмкіндігін бірнеше жылдар бойы қатарынан «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Еңбек Данқы» белгісінің толық иегері, еңбек ардагері, ауылымыздың азаматы Намысов Думан Өмірқожаұлы жүзеге асырып келе жатқанын оқушыларымыз аса бір қуанышпен айтады.
Биылғы Балалар жылына орай, С.О. Талжанов атындағы ЖББМ 11-сынып оқушылары 28-ші сәуір күні Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына» арналған мұражайда болып, өткен тарихымыздың сұрапыл кезеңдерімен танысып қайтты. Сол қанқұйлы жылдардың оқиғасын, онда жазықсыз құрбан болған жандардың тағдыры жас жеткіншектерге ерекше әсер беріп, өмірлік ой түйгізгені сөзсіз.
Уақытпен санаспай, осындай мәнді де мазмұнды саяхатты ұйымдастырып, тарихымыздан тағлым беріп қайтқан ауыл азаматы Намысов Думан Өмірқожаұлына ата-аналар мен оқушыларымыздың алғысы шексіз.

Г.А.Сулейменова
С.О.Талжанов атындағы
ЖББМ директоры

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial