Ғасырдан ғасырға жалғасып жатқан халқымыздың ең үлкен дәулеті — оның рухани байлығы. «Ел — ұлсыз болмас, жер — гүлсіз болмас» дегендей, еліміздің мерейін өсіріп, еңбектерін жан аямай жасаған арыстарымыз баршылық. Осындай ардақтыларымыздың бірі — атақты жерлесіміз, ақындық пен ғалымдықты қатар ала білген дара тұлға, ұлт қайраткері, қуғын-сүргін құрбаны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бүркіт Ысқақов болатын.
Атақты жерлесімізге арналған «Бүркіт Ысқақұлы – азаматтық тұлғасы, қайраткерлік болмысы, шығармашылық мұрасы» атты онлайн дөңгелек үстел 2022 жылдың 26 мамырында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Дөңгелек үстелге ұлт қайраткері Бүркіт Ысқақұлы құрған «ЕСЕП» — (Елін сүйген ерлер партиясы) жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелері мен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, ғалымдар және ақын-жазушылар, кітапханашылар мен Нұра кентінің Мағжан Жұмабаев атындағы ЖОББМ-нің ұстазы қатысты.

Іс-шара барысында тарихшы, бүркіттанушы Әділет Жағыпар бастаған ғалымдар мен ақын- жазушылар Алаш идеясынан бастау алған жастардың астыртын саяси ұйымы «ЕСЕП» партиясының негізін қалаған Бүркіт Ысқақұлының өмір жолы туралы әңгіме өрбітіп, оның ұлттық қайраткерлік тұрғысындағы қоғамдық істерін сараптап, еңбектеріне талдау жасауды өздерінің мақсаты мен міндеті екенін айтып жеткізді.
Нұра орталық кітапхананың қызметкерлері Бүркіт Ысқақұлы қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі екенін сөзге тиек етіп, осындай дарын иесінің кіндік қаны тамған жерде өмір сүріп жатқадарын мақтан ететіндерін білдірді. Және жерлесіміздің әдеби мұрасын насихаттау мақсатында қатысушылар назарына «Елін сүйген ердің ізі» атты бейнетұсаукесер ұсынды.
Тұсаукесерде Көбетей ауылының тумасы, жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өткен ғасырдың 40-шы жылдары құрылған «ЕСЕП» саяси ұйым жетекшілерінің бірі болған Махмет Теміровтің «Арман мен азап» атты өмірбаяндық шығармасында Бүркіт Ысқақұлы туралы көптеген естеліктерімен бөліскендігі туралы баяндалды.
Аудандық орталық кітапханаға 2020 жылы Бүркіт Ысқақұлы есімі берілу кезіндегі салтанатты жиыннан фотосуреттер көрсетіліп, Нұра кентінің бір көшесі атақты жерлесіміздің есімімен аталатыны айтылды.
Кітапхана жұмысының басым бағыты өлкетану болғандықтан, жерлесімізге арналған мақалалар топтасырылған тақырыптық жинақ бумалары, кітапхана сайтында ақынның өмірдеректері мен зерттеу мақалалары туралы да ақпарат берілді.
Нұра ауданының Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде 2020 жылы Бүркіт Ысқақұлының қайраткерлігі мен шығармашылығын насихаттауға арналған «Елін сүйген ердің ізі» онкүндігі өткен болатын. Осы жайлы мектеп ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С. Серікбаева ауқымды ақпарат берді. Атап өтер болсақ, мұражайдан арнайы бұрыштың ашылуы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинетіне Б.Ысқақұлы есімінің берілуі, суреттер көрмесі, ең бастысы дәстүрлі аудандық «Бүркіт оқулары» жыл сайын өткізілетін іс-шараға айналғаны.
«… Қайран, Нұра! Қайран атамекенім!
Жүрегімді жұлсам да аздық етермін.
Топырағыңнан айналайын, туған жер,
Еңбегіңді қашан ғана өтермін? » — деп кеткен Бүркіт Ысқақовты еліміз және бүгінгі жас ұрпақ ұмытпайды, ардақтайды. Ақынның шығармашылығы, әсіресе тәрбиелік мәні зор әдеби шығармалары жастарымызға үлгі — өнеге ретінде мәңгі жасайды, ұрпақтан ұрпаққа жетеді.

С.А. Мұстафина,
ОКЖ-нің «Оқырмандарға қызмет
көрсету» секторының басшысы

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial