Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халық бірлігі — жаңартылған Қазақстанның негізі» ұранымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер бойынша референдум өткізуді ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған конституциялық реформалар Негізгі заңға 33 түзету енгізуді көздейді. Қазіргі Қазақстан тарихында референдум бір рет – қолданыстағы Конституция бекітілген сонау 1995 жылы өткізілді. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың өз еркін білдіруінің айқын көрінісі болады.5 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлығы шықты. «Жаңа Қазақстан» – бірлікпен әділеттілікке. Халыққа арқа сүйеумен Екінші Республиканы құру жолына шығып, мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тарту оңай болған жоқ. Ел мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылысты басынан өткерді. «Жаңа Қазақстан» бағытының әлеуметтік және экономикалық топтамасы әлеуметтік әділеттілік қағидаттары негізінде базалық түрде тұжырымдалды.Сондықтан әрбір азаматтың референдумға қатысуы аса маңызды – «сынақтардан бірге өтіп, мықты әрі күшті боламыз». Осы орайда, ауылымның жанашыр азаматы ретінде барлық жерлестерімді референдумға қатысуға шақырамын! Құрметті ауылдастар, жерлестер! Жаңа Қазақстанның жаңа тарихын бірге жазатын, бірге шешім қабылдайтын, бірге талқылайтын сәт келді. Сондықтан референдумға бәріміз бір адамдай белсенді түрде қатысып, азаматтық позициямызды, ой пікірімізді білдіріп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын бірге жасап, бірге жазайық.
С.О. Конурбаев
«Жараспай» жеке шаруашылық серіктестігінің директоры