ERG (Еуразиялық топ) құрамында «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның кеншілері кен орны құрылған сәттен бері 200 миллионыншы тонна көмір шығарып, тарихи кезеңді еңсерді. Шұбаркөл жұмысшылары бұл рекордты Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпорын үшін ғана емес, республиканың тау-кен өндіру саласындағы аса маңызды рекордты ЭКГ №26 экипажы өндірген. Құрамында машинист Болат Ақшолақов, машинист көмекшісі Марат Муратов және автосамосвал жүргізушісі Базарбай Оспанов бар. «Запад» тау-кен цехінің экскаватор бригадасы 200 миллионыншы тонна күлі аз, жоғары категориялы көмірді өндірген бригада ретінде кеніш тарихында қалды.
-Бүгін «Шұбаркөл көмір» АҚ кезекті межеге жетті. Шұбаркөл кен орнын игере бастағаннан бері 200 миллион тонна көмір өндірілді. Біз өз рекордымызды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймыз және осы жетістікке үлесін қосқан барлық әріптестеріме, өз ісінің майталман мамандары мен ардагерлерге алғыс білдіргім келеді,- деді рекордтық көрсеткішке қол жеткізген қызметкерлерді құттықтаған «Шұбаркөл көмір» АҚ өндіріс жөніндегі вице- президенті Сергей Ким.
«Бұл көрсеткішке жетуге ұжымның нақты бекітілген жоспары және бірлігі, мамандар ісіне жауапкершілігі сеп болды. Тарихи сәтке қатысқандардың барлығы — «Шұбаркөл көмір» АҚ-да көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өз ісінің жоғары кәсіби мамандары.
-Біздің жетістігіміздің құпиясы – команданың бірлігінде. Біздің күшіміз бірлік пен тиімділікте. Мен әрқашан өз әріптестеріме сенім арта аламын, — деді экскаватор машинист Болат Ақшолақов.
2021 жыл «Шұбаркөл көмір» АҚ үшін айтулы жыл болды. Коронавирус инфекциясының жалғасып жатқан пандемиясына қарамастан, Шұбаркөл жұмысшылары жұмыла кірісіп, жаңа технологияларды енгізу, өндірісті жаңғырту және тиімділікті арттыру бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастырған. Осылайша, «Модулар» АСУ жүйесін енгізу тау-кен көлігі кешенінің тоқтап қалмай, айтарлықтай онтайландыруға мүмкіндік берді. Осыған байланысты автосамосвалдарды пайдалану коэффициенті бойынша 85,5% деңгейінде және ЭКГ маркалы экскаваторлар бойынша 58% деңгейінде рекордтық көрсеткішке қол жетті. Осы жылдың қазан айында кен орнын игеруден бастап, 1,325 млн. тонна көмір көлемінде ең жоғары айлық өндіру жүзеге асты.
Бұдан бөлек, қуаты жылына 400 мың тонна арнайы кокс, сондай-ақ жылына 72 000 тонна көлемінде көмір шайыры мен көмір майын шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Нысан импортты алмастыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады және республика экономикасын әртараптандыруға көшудегі маңызды буын болып табылады», — дейді компания баспасөз қызметі.
Өз тілшімізден