Нұра кентінің іргесінде орналасқан Қарой ауылы күннен-күнге жаңарып, жасыл желекке оранып отырғаны көңіл қуантады. Жақында ғана Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саябағында және балалар алаңына тағы 50 қарағай, 100 терек отырғызылды. Осындай қайырымдылық шарамен Қарой ауылының тумасы, Нұра ауданының “Құрметті азаматы”, отставкадағы полковник Қалмағамбет Тулеуовтың айналысып келе жатқанына үш-төрт жылдың жүзі болды. Жылына екі рет, яғни көктемде және күзде ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырып отыр. Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай тағы да 100 қайың отырғызуды жоспарлап отырса керек. «Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып отырған бауырымыз, туған жерінің жанашыры Тулеуов Қалмағамбет әкемізге алғысымыз шексіз. Сексенге таяп қалса да, ауылымызға еш қиындықсыз өзі әкеліп, қаншама ағаш отырғызды. Ниеті таза, пейілі түзу, жанашыр қасиеттеріне дән ризамыз. Қазіргі уақытта бүкіл адамзатқа дәл осындай қасиеттер жетіспей жатқандығы жасырын емес», — дейді Қарой ауылының әкімі Сағындық Жанғазинұлы қуанышын жасыра алмай. Туған жерінің жасыл желекке орануын бақыт деп санайтын Қалмағамбет Тулеуұлы сынды нағыз жанашыр азаматтар саны арта берсе игі еді. Жаныңыз жамандық көрмесін, жанашыр аға!

Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial