«Адам ұрпағымен мың жасайды», — дейді халқымыз.
Құрметті оқырман! Нұра орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметінің басым бағыттарының бірі өлкетану болғандықтан, Сіздердің назарларыңызға ауданымызға танымал, ҰОС ардагері, Қазақстан Республикасының «Оқу ісінің үздігі», К.Мыңбаев ауылының тұрғыны болған Берген Бейсекейұлы Бейсекеев туралы сыр шертпекпіз. Ұлағатты ұстаз биыл тірі болса, 100 жасқа толар еді.
Тілен батырдың ұрпағы — Берген Бейсекейұлы Бейсекеевтің әулеті — 1930 жылдардағы ашаршылықтың құрбандары. Осы зұлмат жылдары отбасының отағасы қайтыс болады. Анасы үш баласы: Берген (11-де), Айткеш (4-те), Еркешті (2-де) жетелеп, Қызыл Дихандағы төркінін паналайды…
1941 жылы он тоғыз жасар Берген алғаш рет мұғалім ретінде мектеп табалдырығын аттайды. Бірақ сұм соғыс көптеген бейбіт тұрғындардың жоспарларын бұзады. Осы ауыр сынақ жылдарында ол біздің Отанымыздың белсенді қорғаушылары қатарында болды.
Ал бауырлары — 13 жастағы Айткеш (тыл және еңбек ардагері) «Трудовик» кеңшарында (қазіргі К.Мыңбаев ауылы) таң атып, күн батқанша колхоз егістіктерінде еңбек етіп, басқа да жұмыстарға белсене қатысады. Бауыры Еркеш (11 жастағы соғыс баласы) қол күші жоқ, ашқұрсақ жүріп, шешесімен бірге колхоздың жұмысына араласады. Қызыл Диқандағы «Қара баз» деген жерде қой бағады. Арасында ағасымен бірге егіс даласына барып, жер қопсытады, арам шөп жұлады. Жаз бойы шабылған шөпті маялауға көмектеседі…
Берген Бейсекейұлы 1942 жылдың қараша айында Батыс майданының сегізінші гвардиялық дивизиясы құрамында Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан.
Соғыста оң аяғының тізе буынынан жарақат алып, төрт ай Камышино қаласындағы әскери госпитальда жатып, бір ай қалпына келтіру батальонында болады. Екінші рет гвардиялық дивизияның 298 атқыштар полкінің бөліміне жіберіліп, Старый Оскол станциясының жанындағы резервте болады. Осы жылдың 23 шілдесінде сырқатына байланысты Қарулы Күштерден босатылады. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін бірнеше орден және медальдармен марапатталған.
Майданнан оралғаннан кейін, Қызыл Дихандағы (Ивановка бөлімшесі) мектепке алғашқы әскери дайындық мұғалімі болып қабылданды.
Қарағанды педагогикалық училищесін сырттай бітіргеннен кейін Берген Бейсекейұлы Қызыл Дихандағы мектепте, Қобыкөл (Семеновка) ауылының Куйбышев атындағы және Ынтымақ ауылының мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі болады.
Білімін жетілдіру мақсатында Қарағанды қаласында екі жылдық педагогикалық курстарға түседі, бұл кейіннен оған директорлыққа жол ашады.
Берген Бейсекеейұлы көп жылдар Ивановка орта (қазіргі К.Мыңбаев) атындағы мектептің директоры, кейін тарих пәнінің ұстазы болды.
Майдангер ұстаз ұрпақ тәрбиелеуде, жастарды білім нәрімен сусындатуда айшықты еңбек етті.
Берген Бейсекейұлының педагогикалық қызметі — 45 жыл, соның ішінде басшылық қызметі — 28 жылға жуық. Осы жылдар ішінде Берген Бейсекеев Қазақ ССР оқу ісінің озаты, бірнеше төсбелгі, мақтау қағазының иегері.
1984 жылдан бастап Берген Бейсекейұлы ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымының төрағасы болды. Осы уақыттан бастап ол соғыс және еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасауды өз мойнына алды.
1985 жылы зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып отырған жоқ. Сақтандыру агенті, жеке сектордағы мал есебін жүргізуші болып жұмыс істеді.
Берген Бейсекейұлы — әкенің алар орнының маңыздылығын білдіре білген, үлгілі әке болды. Жұбайы Сұлу Қылышбекқызымен он екі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұрпақтары еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етеді. Әке жолын қуған балалары да жоқ емес.
С.Мұстафина, ОКЖ-нің
оқырмандарға қызмет көрсету
секторының басшысы