
Кертінді ауылының әкімі Ғалым Хасенов, Кертінді ауылының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Балташ Омаров тыл ардагері Тұмар Искакованың шаңырағына барып, ғасырды бағындырған мерейлі жасымен құттықтады.
Жаңа жылдың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерейлі жас. Бала-шағасының, ауылдастарының «100 жасаңыз» деген тілегі қабыл болып, өмірінің жалғасы ұрпағымен көркейіп отырған бақытты шақ. Көпті көрген, көргенінен түйгені мол кейуанамен кездесіп, әңгіме- дүкен құрып, батасын алудың өзі бір ғанибет.
Тұмар апа ғасыр жасап, екінші ғасырға аяқ басса да, тың. Ойын еркін жеткізіп, әңгіменің төркінін нық айтады. Құттықтап барған ауылдастарын зор қошеметпен қарсы алды. Риясыз көңілмен ризашылығын білдірді. Аналық ақ батасын берді. Өмірінің сүрлеуінен сыр шертті.
Соғыс уақытында сиыр, өгіздерді жегіп жер жыртып, қолмен бидай сепкен. Оны күзде қол орақпен орып, жинап, дестелеп, қырманға жеткізген. Жаз болса, шөп шауып, көпенелеп, ер азаматтың жұмысын атқарған. Түнгі уақытта сол кездегі тылдағы әр шаңырақтың өлшеусіз еңбегі жүн түтіп, жіп иіріп, шұлық, кеудешелер тоқып, майдандағы жауынгерлерге жіберіп отырған. Соғыс жылдарының соңын ала колхозда бухгалтер, парторг болып қызмет атқарған. Жұмысқа деген зеректігімен ерекшеленіп, 1947 жылы Петропавл қаласына басшы кадрларын дайындайтын екі жылдық оқуға жіберіледі. 1949 жылы қыркүйек айында төрт мамандық бойынша диплом алған. 1949 жылы сельпода кассир, дүкенші болып қызметтер атқарған.
Еңбегі еленіп, «Тыңға 50 жыл», «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 50 жыл» «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 60 жыл», «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 65 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Кертінді ауылының бастауыш ардагерлер ұйымы