
Нұра ауданы әкімдігінде жылды қорытындылаған жиын өтті. Аудан әкімі Аян Шалмағанбетовтің төрағалығымен өткен шарада мемлекеттік сала қызметкерлері мен жылдың белсенді жастары марапатталды.
«Халық алғысы» медалі — білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында жемісті жұмыс істейтін, пандемиямен күресте ерекше көзге түскен Қазақстан Республикасының азаматтарына арналған марапат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тағайындаған «Халық алғысы» арнайы медалімен нұралық белсенді, білімді жастар марапатталды. Қуантарлығы, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында Нұра кентінің Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінен еңбек жолын бастаған Жанарыс Елтай мен Нұрдос Өсербаев бар. Мемлекеттік бағдарлама жетегімен келіп, еңбек жолының өрісін кеңейте отырып, жас ұрпаққа заманауи білім бере білген жастардың еңбек жолы — жас ұрпаққа үлгі.
Нұрдос Жанатұлы — 2021 жылдың үздік педагогы атағының иегері. Марапатты облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қолынан алған жас та болса, шығармашылығы толысқан білімді де білікті маман. Өткізген ашық сабақтары облыс деңгейінде жоғары бағаланған. География пәнінен бөлек, оқушыларды халықаралық «Roboland» робототехника фестиваліне және шахматтан облыстық, республикалық, халықаралық турнирлерге дайындап, бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Жанарыс Саятұлы — аудандық «Жыл мұғалімі — 2021» сайысының жүлдегері. Соңғы жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеуден мектеп түлектері физика пәнінен жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. 2020 жылғы түлектердің алты оқушысы, 2021 жылғы түлектердің жеті оқушысы физика пәнін таңдап, осы пәннен өте жақсы нәтиже көрсетіп, еліміздің беделді жоғары оқу орындарының грантын жеңіп алған.
Аудан жастарын спортқа баулып, қыста хоккей, жазда футбол ойынына шынықтырып жүрген Нұра ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Смаилов Ержанның еңбегі бір төбе. Өз ісінің нағыз жанкүйері Ержан Серғалиұлы спорт мектебінде он төрт жыл қызмет атқарып келеді. Осы он төрт жыл қатарынан аудандық деңгейде кіші футболдан дайындаған шәкірттері облыс көлемінде үздіктер қатарынан орын алуда. Мақтана айтсақ, соңғы он бір жыл қатарынан, пандемия жылдарын санамағанда, өткен жүлделі додаларда Нұра ауданының атын асқақтата, мықтылар қатарына көтеріліп, жүлдемен оралған.
Адамзат баласын әбігерге салған қауіпті коронавирус инфекциясымен тұтас ел болып күрсудеміз. Бұл індетпен күрес деген кезде, бірден дәрігерлер еске түседі. Ал, екінші беті «BIZ BIRGEMIZ» ұранын ту етіп өткізілген акциялар десек, қателеспейміз. Осы тұста «nura_arnasy» еріктілер тобының жетекшісі, қазіргі таңда Нұра аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндеттерін атқарушы Шолтаев Талғаттың еңбегі бағаланды. Талғат Жайлаубайұлының бастамасымен, ауданның жастарын біріктіре отырып, демеушілерді тарта, өңірдің жас спортшыларына спорттық инвентарьлар, дәрігерлер қауымына ерекше ықылас, ауданның қарттарына қамқорлық, экологиялық акция сынды тағы да басқа тағылымды істердің жүзеге асқанын көрдік.
Салтанатты шара барысында Нұра ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Аубакирова Нұргүл Айтбайқызы мен бөлімнің бас маманы Боранбай Абай Саятұлы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында облыстың қоғамдық саяси өміріне белсенді қатысқаны және қосқан еңбек үлесі үшін Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Құсайын Ерлан Бейсенбайұлының Алғыс хатымен марапатталды.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА