Шахтер ауылының Қ. Шайменов атындағы ЖББ мектебінде қазақ тілі пәнінен дәріс беретін Клеустер Анна Павловна атты орыс ұлтының өкілі бар екенін естіп, хабарластық. Телефон шалған бетте бірден мемлекеттік тілде тілдескенімізде, мүдірместен сауал қойылған тілде жауап алдық.
Анна мектепте орыс тілінде дәріс алған. Құланөтпес ауылының Дон орта мектебінде 1- сыныптан 8-сыныпқа дейін, кейін отбасының қоныс аударуына байланысты 9-11- сыныптарды Көбетей ауылының Р. Асубаев атындағы ЖББ мектебінде оқыған. Осы мектеп қабырғасында жүргенде қазақ тіліне деген қызығушылығы ерекше артқан.
Тілді үйрене отырып, қазақтың ұлттық дәстүрі мен әдеп- ғұрыптарын да бойына сіңірсе керек. Оған дәлел — мектеп қабырғасында жүрген шағында аудандық, облыстық мемлекеттік тілде жүрген конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Бүгінгі күні де осы қалпынан таңбаған. Мектепішілік, ауылдық іс-шараларда екі тілде жүргізуші болу Анна үшін тансық емес. Сонымен қатар сахнада тұрып ән шырқау, кез келген ұлттың биін билеу, нақышына келтіріп өлең оқу — мақала кейіпкерінің бойынан табылатын қасиеттер.
Өмірлік мамандығын да мектеп қабырғасында жүрген кезде таңдап қойған. Сол жолда көп еңбектенгенін айта келе: «Біздің — Отанымыз Қазақстан. Біз мемлекеттік тілді білуге міндеттіміз. Мен өзім осы ұстанымды қатты ұстандым. Мектеп қабырғасында жүрген шағымнан қазақ тілін орыс тіліне қарағанда жетік меңгердім», — дейді Анна.
«Талаптыға нұр жауар» демекші, таудай талаптың жемісі болар, орыс мектебінде білім алса да, мемлекеттік тілді шәкірт бойына дарытар мамандық иесі атанды. Әлі де ізденіс үстінде. Біз хабарласқанда Қарағанды қаласында мұғалімдердің біліктілігін арттыратын курста оқып жүргенін айтты. Мамандығы туралы айтқан кезде бар жан дүниесімен тебірене жауап қатып тұрғаны сезілді. Тілдесу барысында байқағанымыз — оқушыларына дәріс беру барысында әр оқушының мінез-құлқына сай методикаларды қолдана отырып, пәнге деген, тілге деген құлшыныстарын арттыру басты ұстанымына айналған. Оқушыларын қызықтыра білген жағдайда олар ұстаздың соңынан қалмай, келесі сабақта тағы да қызықты әдіс-тәсілдер қосуын, тіпті, сабақтан бөлек қосымша дәріс беруге шақыруын сұрайтын білімқұмар шәкірттері бар екенін де білдік. Ұстаз үшін алдында отырған шәкірттің ықыласынан артық бақыттың жоқтығын да атап өтті.
- Шахтер ауылына келін болғаныма 13 жыл болды. Отбасымызда екі баламыз бар. Қызымыз Эмма — 5- сыныпта, ұлымыз Виктор — 3-сынып оқиды. Жолдасым Денис Клеустер — дәнекерлеуші,- деді.
Отбасында өзі ғана қазақ тілінде жетік түсініп, ойын жеткізе алатынын жасырмады. Жолдасы мен балалары тілді түсінгенімен, қызы Эмма ғана ағылшын, қазақ тілдерін жете меңгеруді қолға алған. Әрине, анасының бағыт-бағдары да әлі толық ойы толастай қоймаған қызының таңдауына көмегі болса керек. Оны әңгіме барысында сөздің ыңғайынан байқадық. Отбасының ұйытқысы, білім ошағының жүрегі болып отырған Анна Павловнаның қай ортада болмасын адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беруде еңбегі еңселі. Сол себепті де ол қасиетті тұлға ретінде ерекшелене түседі. Аннаның бойынан біз мұны байқадық. Ұлағатты ұстаз болуын тіледік.
Тазагүл Пішенбаева
“НҰРА ТАҢЫ”