«Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған этномәдени, діни, жастар ұйымдарының Қазақстан-дағы ұлтаралық бірлікті нығайтудағы өзара іс-қимылы» атауымен тағылымға толы дөңгелек үстел өтті.
Шараға ауданға қарасты украин және орыс этномәдени орталықтарының мүшелері жете-кшілері — С.Торгаева мен З. Сма-гулова, аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары М.Ақыжанов, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық Б.Ысқақов атындағы кітапхана директоры С.Жұмабеков пен жастар қатысты.
Дөңгелек үстел тақырыбы талқыланбас бұрын бейнематериал көрсетілді. Мұнда лек-легімен Қазақстан даласына, оның ішінде Нұра ауданына туған жерін еріксіз тастап, жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің ауыр тағдыры бейнеленді. Сонымен қатар сол сәтті басынан өткерген азаматтардың және ұрпақтарының қазақ халқына деген үлкен алғысы бейнеленді.
Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді. Солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналды. Осы тұрғыда аудандық Б.Ысқақов атындағы кітапхана директоры Сәкен Жұмабеков «Қазақстан Ассамблеясының бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы рөлі туралы» тақырыпқа кеңінен тоқталды. Талқылау барысында «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» демекші, қарға тамырлы қазақтың тамыр-тегіндегі асыл қасиет-тердің бірі – татулық пен ынтымақтастық екені айтылды. Осының астарында түптеп келгенде қазақ халықының жомарттығы мен теке тірессіз өмірдің айқын дәлелі бола білгені де қозғалды. Кешегі қаңтар оқиғасы мен бұған дейін болған «Древний Рим» және Қордай ауданында болған шиеленістердің түп-төркініне сараптама жасала отырып, кездесуге келген жастарға сабақ болатындай дүниелер ортаға салынды.
“Қазақстанда тұратын барлық этностарды біріктіру мерекесі, бейбітшілік, достық, келісім және толеранттылық күні” тақыры-бында Тассуат ауылы орыс мәдени орталығының жетекшісі С.Таргаева бүгінгі таңдағы орталықтың жұмыс барысына тоқтала отырып, жалпы ұлтаралық татулық жолында жүргізіліп жатқан жұмыстарын баяндады. Орталықтың жанынан мемлекеттік тілді үйрету курсын ашу жоспарланған. Тек қана орыс ұлты емес, өзге ұлт өкілдерінің де осы мәдени орталыққа келіп, біте қайнасып, бір ұжым болып бірлесе жүргізіп жүрген жұмыстарының барысымен таныстырды.
Көпті көрген, білім саласында үлкен өмірлік тәжірибесі бар зейнеткер ұстаз Мәулен Ақыжанов қоғамдық және білім беру ұйымдарының Қазақстан халқының бірлігін нығайту және жастарды тәрбиелеу саласындағы өзара іс-қимыл қандай болу керектігі жайлы ойымен бөлісті. Бұл жерде көпұлтты мемлекетімізде бала тәрбиесі отбасынан бастау алу керектігіне баса назар аударылды. Елдің бірлігі әр отбасында берілген тәрбиенің негізінде қаланатыны, осы бағытта ата-ананың бала тәрбиесінде ұстану керек негізгі бағыттары аталды.
Халық болған соң тілі де қатар жүретіні анық. Соңғы жылдары мемлекетіміздің қолға алған жаңа бағыты — үш тілділікпен қатар латын әліпбиіне көшу. Осы тұрғыда жан-жақты, бір-біріне қарама-қайшы пікірлердің куәсі болдық. Латын қарпіне көшудегі қиындықтар сараланса, енді бірі қазіргі ғылымның тілі осы қаріппен таңбаланғандығын алға тартып, қазақ тілінің болашағы үшін жасалған дұрыс шешім деп қолдады. Әсіресе жастар жағы осы тақырыпта кеңінен көсіле ойын білдіріп, дәлелдерін келтірді.
Әсерлі кездесу модераторлары Күнсұлу Оспанова мен Сергей Чемерисов және бірлескен жүргізушісі Рабиға Құтжа-нованың шеберліктері дөңгелек үстел тамырына қан жүгіртердей бағыт беруімен ерекшеленді. Белсенді қауымның негізгі мақсаты осы бағыттарды талқылай келе, көпұлтты қазақстандық қоғамда бірлік, бейбітшілік және келісімнің үйлесімді құрылған салтанатын баянды ету болды.
Тазагүл Пішенбаева