-Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Білім беру ұйымдарын бейнебақылау камераларымен қамту мәселесі маңызды… Бүгінгі таңда орнатылған бейнебақылау камералары барлық талаптарға сай болуы тиіс», – деп қазақстандық мектептердің бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау қажеттігі туралы нақты айтқан еді. Біздің Нұра ауданы білім беру бөлімінде осы айтылған шара қалай жүргізіліп жатқандығы туралы айтсаңыз екен?
-Биылғы жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында ауданымыздың 24 мектебіне бейнебақылау камералары орнатылады. Бейнебақылау камераларын орнатудың басты мақсаты — білім беру мекемелерінде орын алған кез келген құқық бұзушылықтың, балалар қауіпсіздігінің алдын алу. Бақылау жұмыстары мониторға шығарылып, нақты уақыты көрсетіліп тұратын болады. Келісімшартқа сәйкес аудан орталығындағы үш мектеп пен бала- бақшаның барлық камераларын полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосу көзделген. Қазіргі уақытта Нұра кентіндегі үш мектепке бейнебақылау камералар орнатылу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмысты Алматы қаласының «CHAMPION» компаниясы атқарып отыр. 21 мектептің камералары жер шалғайлығына байланысты полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосылмайды. Оны Қарағанды қаласының ЖК «Континент-связь» компаниясы орнататын болады.
— Ауданымыздағы балабақшалар да бейнебақылау камераларымен қамтылатын шығар?
-Әрине, биылғы жыл Балалар жылы болып отырғаны да тегін емес. Осыған орай балабақшаларды бейнебақылау камераларымен қамту бірінші кезекте десек, артық емес. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында орнатылатын болады. Әлеуметтік желідегі кейбір келеңсіздіктердің қайталанбауы үшін де бұл камера қажет-ақ. «Алтын дән», «Балбөбек» балабақшалары мен балалар өнер мектебіне қойылатын бейнебақылау камералары полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосылатын болады. Қайнар ауылындағы «Алтын бесік» балабақшасына бейнебақылау камерасы қосылғанымен, жер шалғайлығына байланысты полиция басқармасының жедел басқару орталығына қосылмайды. Дегенмен бейнебақылау тұрақты жұмыс істейтін болады.
-Компанияларды қалай таңдадыңыздар?
— Бұл іске аса жауапкершілікпен қарау орынды. Жоспарда бар мақсатты жүзеге асыруда қазіргі заманауи талапқа сай бейнекамераларды таңдау маңызды. Бейнебақылау бойынша техникалық ерекшелік барлық облыс бойынша бірыңғай құзыретті органдармен келісілген. Қызмет көрсетуге ниет білдірген Алматы қаласының «CHAMPION», Қарағанды қаласының «Континент-связь», «Cosmos» мердігерлік компаниялары бізге қызмет көрсетеді. Олардың қай-қайсысы болсын танымал, өз істерінің мамандары деген сенімдемін.
-Бейнебақылау камераларын орнату аудан бойынша қашан толық аяқталады?
-Келісімшартқа сәйкес тамыз айында барлық камералар толық іске қосуға дайын болуы керек деп отырмыз. Жаңа оқу жылы басталысымен, барлық камералар қыркүйек айынан бастап нақты жұмысын бастайды. Аудан бойынша жалпы саны 495 бейне- бақылау орнатылатын болса, оның ішінде 99 камера тек Нұра кенті бойынша ғана. Барлық камераларға облыстық білім беру бөлімінің бюджеті есебінен жалпы құны 35145600 мың теңге жұмсалмақ.
-Тартымды , ақпаратқа толы әңгімеңіз үшін рақмет. Камераларыңыз тек жақсылықтың куәгері болсын демекпіз! Басты мақсат – балалардың қауіпсіздігіне қызмет етсін демекпіз!
Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”