Еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында Ұлттық ұланның екі әскери қызметшісі қаза тапты. Жас сарбаздар өз өмірлерін қауіпке тіге отырып, халықтың тыныштығы мен берекесі жолында өздеріне жүктелген міндеттерін қайсарлықпен адал атқарды.

2022 жылғы 5-қаңтарда қатардағы Мадияр Қайсаров жедел бөлініс құрамында Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алды. Бұл шұғыл ақпараттардағы жаттанды сөйлем емес, бұл – қиын-қыстау сәтте өз елін қорғаған жап-жас қазақстандықтың шынайы өмірі мен ерлігі.

Сол сәтте төнген нақты қауіпке қарамастан, ұландық жауынгер Отан алдында берген ақ антын бұзбай, қалың бұзақы тобынан тайсалмай, жауынгерлік міндетін өмірінің соңғы сәтіне дейін орындай білді. Өкінішке орай, сарбаз ауыр жарақат салдарынан көз жұмды.

Қаңтардың осы бір азалы күнінде қолбасшылықтан берілген қоғамдық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі тапсырманы орындау кезінде теріс ниетті бүлікшілердің шабуылынан қаймықпаған, сертінен тайып, құбылмаған тағы бір ұландық сарбаз қаза тапты. Қатардағы Айбат Аманов Талдықорған қаласында заңдылықты қалпына келтіру кезінде құқық бұзған бұзақылармен бетпе-бет келген.

Буыны енді қатайған жас жауынгерлер (Мадияр 2002 жылы, Айбат 2003 жылы туған), аяусыз баскесерлердің тарапынан болған қақтығыс кезінде өмірлеріне төнген нақты қауіпке қарамастан, қызметтік-жауынгерлік міндеттерін адал орындады. Бейбіт күнде ерлік таныту оңай емес, дегенмен оқыс оқиғаларға әрдайым дайын болу – ұландықтардың міндеті. Әсіресе, ел басына күн туғанда погон таққан нағыз ер азамат ретінде жаумен теке-тіресу – Отан және халық алдындағы борышымыз. Ержүрек қайсар ерлер ғана халқы мен мемлекетін ішкі және сыртқы қауіптерден қорғай алады.

Мадияр Қайсаров пен Айбат Амановтың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы батырларының тізіміне мәңгілікке енері сөзсіз.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, ардагерлері мен барша жеке құрамы қаза тапқан жауынгерлердің ата-анасы мен туған-туысқандарына қайғыра көңіл айтады.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial