Таяуда Нұра кенті музейінде Қазақстан Қарулы күштерінің   30 жылдығына орай шара өткізілді. Ол шара осы көктемгі алғашқы әскерге шақырылған жігіттер құрметіне арналды. Кездесуге білім бөлімі мамандары, жоғарғы сынып оқушылары мен ата-аналар, қонақтар қатысты. Нұра ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Азамат Қайыргелдіұлы Әбішев әуелгі сөз кезегін алып, әр азамат үшін Отан қорғау абыройлы міндет екендігіне тоқталды.

Көкірегінде намысы бар, бойында күш-қуаты бар намысты ер – Отанының бірінші кезектегі қорғаушысы болуы тиіс екендігін айтып, жастарды жігерлендірді. Нұра ауданы ауған соғысы ардагерлерінің бастауыш ұйымының төрағасы Шестернин Василий Александрович жастарға рухани дем бере отырып, өзі әскер қатарында болған сәттерді есіне түсірді. Байтақ елдің тағдыры әр қилы уақытты бастан кешкенін, ауған соғысындағы апатты қасіретті тебірене еске алды. Қазіргі егемендік алған кездегі бейбіт  тыныштық заманды қадірлеу, елі үшін аянбау — әр жігіттің азаматтық борышы екендігін мақтаныш ету керектігін баян етті. Нұра ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсұтов Зарлық Мақсұтұлы ата-баба аманаты болып қалған ұлан-байтақ қазақ даласын аман сақтап, бейбіт күнде баянды тіршілік ету ер азаматтардың қолында екендігіне тоқталды. Сөз соңында әскер қатарына аттанғалы отырған жастарға ақ батасын берді. Шақырылымдағы жігіттерге естелік сыйлықтар табысталды. Мектеп оқушылары автоматты бұзу және қайта жинауда секундтық жылдамдық өнерлерін көрсетті. Үздік өнерлері үшін алғыс хатпен марапатталды. Кездесу соңы аудандық мәдениет үйі әншілерінің сазды әуеніне ұласты. Артем Андреев, Сергей Чемерисов, Амангелді Шахарбаев «Дом родной», «Идет солдат по городу», «Қазақстаным» әндері тыңдарман жұртты қанаттандырғандай болды. Көбетейлік келешек сарбаз Жамкеев Дамир Дастанұлының дидарынан ризалық кейіп таныдық. «Өзім осы уақытқа дейін Астана қаласында жұмыс істедім. Отан алдындағы борышымды адал атқару азаматтық міндетім деп санаймын. Сондықтан да әскер қатарына өзім сұранып аттанбақпын. Ел алдында жауапкершілікті сезіну деп білемін. Осы — менің басты мақсатым болмақ. Достарым мен таныстарыма да  Отан үшін қызмет етуге кеңес берген болар едім. Батыр Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс – күймейсің», — деген жоқ па еді. Батыр бабамыз қан майданда ерлік көрсетті, қолбасшы болды. Осындай батыр әкелерімізге ұқсау, тәуелсіздік жолында ел тыныштығы үшін  басымызды бәйгеге тіксек те артық емес. Бұл — менің азаматтық парызым», — деді. Нұра ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник  Азамат Қайыргелдіұлы Әбішев: «Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 сәуірден бастау алды. Тиісінше, алдағы үш ай уақыт мерзімінде әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады. Олар әскерге алынған күннен бастап 12 ай қызмет атқарған әскери қызметшілерді запасқа шығару да жоспарлы тәртіппен жүргізіледі. Осы жолғы Жамкеев Дамир Дастанұлы, Иллензеер Константин Андреевич, Ермеков Батырхан Құралұлы, Дмитриев Руслан Александрович, Таттыбек Мұрагер Мұратбекұлы Жамбыл облысында қызмет атқаратын болады. Осыған дейінгі шақырылымда Ханатхан Асылжан, Бақытбек Ерқан, Секербаев Ербулан Бірлікұлы, Колоцей Ильяс Иванович, Садовенко Данил Александрович, Түлеухан Думан Қайратұлы атты жігіттер әскер қатарына алынды. Ата-аналар тарапынан еш реніш жоқ. Қайта балаларының денсаулықтарының мықты болып, әскерге жарамды болғанына қуанады», — деді сөз арасында.Түн ұйқысын төрт бөліп, Отанын қорғайтын азаматтар барда, іргеміз берік, түніміз тыныш болмақ.    Ер – ел қорғаны.

Нұрыш Нақыпова

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial