Аудан әкімі Аян Шалмағанбетов Нұра ауданында су тасқынының өту кезеңі туралы тікелей эфирде брифинг өткізді.
Нұра ауданының аумағында су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық жедел штабы құрылған. Су басу қаупі бар 19 елді мекенде 465 аула алдын ала анықталып, бақылауға алынған. Сонымен қатар осы 19 елді мекеннің 12-нде қорғаныш бөгеттері бар болса, 3-нде габиондар орнатылған.
Брифинг барысында қойылған сауалдарға жауап берген аудан әкімі 2022 жылдың көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын жүргізу барысында 2021 жылы 12 елді мекендегі қорғаныш бөгеттері нығайтылған. Құндызды өзенінің арнасынан су тасқыны кезінде қалың мұздардың кептелісін туындатпау мақсатында 8000 шаршы метр алаңның бей-берекет өскен бұталары қырқылған. Бұл жұмысты жүргізу мақсатында Төтенше Жағдайлар департаментінен арнайы техника бөлінген. Аудандық маңызы бар «Тассуат –Заречное» автомобиль жолында диаметрі 1,5 метр болатын 8 су өткізу құбыры орнатылған. Жылда даладан келген қызыл су жолдың осы бөлігінің үстінен жүріп кетіп, ауыл тұрғындарын аудан орталығымен қатынауда кедергі келтіретін. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ол жағдай қайталанбаған. Ал, Жараспай – Құланөтпес бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Төтенше жағдайлар резерві есебінен Құланөтпес – Нығман ауылдары бағытындағы автомобиль жолының 4,5 шақырымына 25 млн теңге қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Төтенше жағдай туындай қалған сәтте, халықты орналастыру мақсатында 53 эвакуациялық қабылдау пункті қарастырылған. Автономды электр қуатымен жабдықтау көздерін де дайындап қойған. Аудан бойынша инертті материал 500 тонна дайындалса, 20 мың дана қап пен су айдайтын сорғыдан 32 дана, мотопомпадан 28 дана және ауданның төтенше жағдайлар бөлімінде жылжымалы дизельді су айдайтын сорғы тағайындалған. Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатына 7 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып, 17 тонна жанар-жағармай қоры мен 227 бірлік техника тағайындалған.
Сонымен қатар өзендердегі судың табиғи жолмен ағып кетуіне кедергі тудырған мұздарды жару жұмыстарын жүргізу жоспарланса, 3 сәуір күні Баршын ауылдық округіне қарасты Жаман Көн өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілген. Ал, 5 сәуір күні қызыл судың қатты қарқыны Құланөтпес ауылдық округінде тіркелген. Мұнда Құланөтпес, Нығман және Ақтүбек ауылдарының арасында көлік қатынасы үзілген. Бастысы, тұрғын үйлерді су баспаған. Жылдың бұл мезгілінде ауылдың су құрсауында қалуы қалыпты жағдай және ауыл халқы қажетті азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған. Байланыс үшін моторлы қайық қызмет атқарып тұр.
Мұнан бөлек қызыл судың екпіні бой бермей, аудан аумағында орналасқан республикаға қарасты автомобиль жолдарының 2 учаскесінде, аудандық жолдардың 1 учаскесінде жол үстінен өткен. Алайда апаттық жағдайдан ада. Бүгінде жолдың үстінен судың өтуі тоқтатылған, жалпы аудан бойынша тұрғын үйлерді су басу жағдайы тіркелмеген. Нұра ауданы бойынша су тасу науқаны штаттық режимде өтуде деп, баяндаған аудан әкімі, су басу қаупі жоқ екенін атап өтті.