Табиғатынан ширақ, жан-жақты, алғыр қыз Акимбекова Құралай Жакенқызы 2002 жылы Киевка қазақ орта мектебін аяқтаған соң, арман арқалап, бала жүрегі қалаған дәрігерлік мамандық бойынша білім жолына бет бұрған. Адам жанының арашашысы болу, ота жасау ісі бала көңілін ерекше қызықтырғаны соншалық — оны Қарағанды қаласындағы медициналық институтқа алып келген болатын. Екі жыл қатарынан құжатын дәрігерлікке тапсырғанымен, жолы болмады. Қайткен күнде де осы оқуға түсіп, дәрігер боламын деген бетінен жан серігі — Марал анасы қайтарған болатын. Анасы: «Қызым, бір бойыңда қаншама жақсы қасиеттерің бар.

Сенің табиғатың ұстаздыққа лайық. Әулетімізде дәрігер бар, заңгер бар, ұстаз бар. Менің білуімше, осылардың ішінде аяулысы – ұстаздық. Мүмкін осы ұстаздық бағытқа бақ сынап көрерсің», — деген болатын. 2004 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне шет тілдері (ағылшын, неміс тілдері) мамандығы бойынша мемлекеттік несиеге оқуға түскен болатын. Кейіннен грантқа ауыстырылды. 2009 жылы маман атанып оралған болатын. Арасында ана атанып, Жәмила есімді қыз баланы өмірге әкелді. 2013 жылдан бастап «Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебіне (ресурс орталығы) ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасты.
Қазақ тілінің жанашыры Құралай поэзияны ерекше сүйеді. Мұқағали Мақатаев, Жұбан Молдағалиев жырларын мәнерлеп жатқа оқуда алдына жан салмайтын ол спортта да, қоғамдық жұмыста да белсенді. Ән салумен қатар, ораторлық қасиеті орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген маманды жаңа бір қырынан танытты. Мерекелік іс-шараларда үш тілдің қайсысы болсын еркін алып, жүргізушілікпен де көзге түсті. Қашан да шәкірт жүрегіне жол табуға тырысатын Құралай Жакеновна 2016 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен тұрғын үй алды. Жайлы орын, құтты қонысында педагогикалық қызметін жалғастыруда. Қашан да ізденіс үстіндегі маман салауатты өмір салтын сүйеді. 2019 жылдан бастап Нұра кентіндегі «Family Fitness» фитнес клубында Оспанов Бақытжанның жаттықтыруымен ауыр атлетикамен тұрақты түрде айналысуда. Құралай үшін фитнес клуб салауатты өмір салтын ұстанып, дене бітімін әрқашан бірқалыпты күйде ұстау үшін өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Нәтижесіз де емес. Былтырғы жылы Қарағанды облысы әкімдігінің Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Қазақстан Республикасының спорт күніне арналған облыстық «Saryarka» Спартакиада бағдарламасындағы пауэрлифтинг жарысында 48 салмақ дәрежесінде 1-орын иеленді.
-Анашымның ақылы мені дұрыс жолға әкелгеніне мақтанамын. Мен үшін ұстаз болу – зор мәртебе. Өз ісіңде, сөзіңде үлгі болу деп түсінемін. Жауапкершілігі мол жұмыс. Әрине, қазіргі уақытта жетістігім керемет деп айта алмаймын. Ағылшын тілін үйренгісі келетіндер үшін ақылы «Easy English» тіл үйрену курсын рәсімдедім. Көпбалалы отбасы мен аз қамтылған отбасының балаларына курс тегін. Үлкен шығармашылық дайындық үстіндемін. Әзірше құпия болсын, алдын ала айтуға болмайды. Өз басым ұстаз деген ұлылардың алдында бас иемін, — деді қарапайымдылық танытып, — осы мамандығым өмірімді күрт өзгертті. Хоббиім – фитнес клуб мақсатты қызығушылығыма айналып отыр. Уақыт – қайта айналып келмейтін қазына. Сондықтан бәріне үлгергім келеді, — деді. Мақсатыңа мүдірмей жет демекпіз, ізденімпаз жас!

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial