Әңгіме ит туралы болмақ. Сөздің шындығына келсек, қаңғыбас иттер қай ауылдың болсын құтын қашырып тұрғаны рас. Бұрынғы уақытта кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыстың арасында жүретін. Әлде аз болған соң байқалмады ма?! Аудан бойынша қаңғыбас иттің көбейіп тұрғанын, оның мәселеге айналып отырғанын ауылдық жердегі әкімдердің есеп беру жиындарында да куә болған едік. Қазіргі уақытта балаңмен бірге мектепке асығып келеді, кейбірінің тіпті дүкен торауылдап тұратынын қайтерсің. Мектепке баламен бірге ілесе келген ит біреуге қалыпты нәрсе болғанымен, баласы бастауыш сыныпта оқитын ата-ана үшін қорқыныш. Ит иттігін істеуі әбден мүмкін…
…Ұзын жолдың бойында жол қарап тұрған көрші келіншекті кездестіре қалдым. «Сәбиімді ұйықтатып, мектепте оқитын ұлымды алдынан ертерек шығып, күнде осылай күтіп аламын. Себебі мына қоршаудың айналасында ересегі бар, кішісі бар иттер қаптап жүреді. Жай жүрсе бір жөн, шаужайыңа жабысып есіңді шығарады. Осы маңайдың қожайыны іспеттес өздері», — деп ренішін білдірді. Түсінікті жайт: топ-тобымен жүрген иттер балаларға шабуыл жасап, балаларының өміріне қауіп төндіруі хақ.
-Қорада қыс бойы қамдап, жемдеп отырған сегіз қойымды қаңғыбас иттердің қайдан, қалай кіргенін білмедім, жарып кетті. Бәрінен бұрын қыс бойғы баққан еңбегім далаға кетті», -деп налиды Орекең, — «Итке не өкпе айтасың, бас аман болсын дегеннен басқа амал бар ма?» Неше жерден сабырлылық танытып, саулық тілегенмен, ақ адал малын өз қорасында қанға бөктірген итке не шара?! «Бастан құлақ садақа» десек те, қойды қырған ит әрекеті ертеңгі күні адамға ауысуы әбден мүмкін емес пе?
Бұл тек Нұра кентіндегі жайт. Әсте біз біле бермейтін мұндай жайттар әркімнің де басынан өтіп жатқан да шығар. Өйткені иттерге қатысты мәселені Телеграмм әлеуметтік желісіне жүктеп, тиісті шара қолдану керектігін айтып, дабыл қағып жатқан тұрғындар қаншама. Соған қарағанда аудан көлемінде, ауылдық жердің өзінде де жағдайдың мәз еместігіне көзіңіз жетеді. Таяуда ғана телеканалдан көрсетіп жатқан үш жасар бала ит талауынан ажал құшқаны, бес жасар баланың хал үстінде жатқаны барша халықтың жүрегін езгені естеріңізде болар. Осы оқиғаның ертеңгі күні тағы қайталанбайтынына кім кепілдік бере алады?
…Көңілдегі сұраққа жауап іздеп, Қарағанды облысының ветеринария басқармасының «Нұра аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны басшысы Әлібеков Ербол Нагидуллаұлына жолығуды жөн көрдік.
«Әрине, қазіргі уақытта халық тарапынан итке қатысты арыз-шағымның көп екендігі жасырын емес. Бұл тек біздің аудан мен ауылдардың ғана мәселесі емес. Қандай жағдай болған күнде де біз шарасызбыз. Себебі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға былтыр желтоқсан айында қол қойылды. 2 наурыздан бастап негізгі баптары күшіне енді. Жаңа заңға сәйкес, итті өлтіруге ешкімнің құқысы жоқ. Бұрынғы уақытта ветеринарлар көше кезген итті атып, өлексесін өртеп көметін. Жаңа тәртіп бойынша қаңғыбас иттерді аулап, арнайы панажайда ұстауы керек. Бізде ондай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне қаңғыбас итке дәрмен жоқ. Тек тұрғыннан шағым түссе ғана көзін құрта алады. Жапа шеккен адам полицияға жазбаша шағым түсіруі тиіс. Сонда ғана полиция қызметкері, ветеринария мамандарынан құрылған комиссия шешім шығарып, итті атуға рұқсат береді. Әйтпесе кез келген адам ит атушыны прокуратураға сүйреп, әлек қылады. Әрі иттің иесі бола тұра, қараусыз қалуына ешкім жауап бере алмайды. Иттер мен мысықтар есепке алынбайды. Ауланған иттерді емделмейтін дерті бар иттерге «ізгілікті өлтіру» (эвтаназии) қолданылады: яғни, денесіне улы препарат егіледі. Әрі ол препаратпен егуге прокуратура тыйым салды. Халық арасында жануарларға қатігездік жасағаны үшін жазалау Заңы барлығын алға тартып, ит пен мысықты аулауға кедергі жасайтындар да жоқ емес. Бұл уақытта иттердің санының артатын себебі де сондықтан. Бар қолымыздан келетін іс — итті ұстап, залалсыздандыру ғана. Енді оны ары қарай қамқорлыққа ала алмаймыз. Ол үшін қаражат жоқ, бізде ол қарастырылмаған. Қазіргі уақытта біз облыстық басқармаға қараймыз. Ол жақта ешқандай бағдарлама қарастырылмаған, біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Ешкім заңға қарсы келе алмайды. Әзірше иттер сол қалпы қыдыра бермек. Қолымыздан бар келген шаруа тұрғындарға қаңғыбас иттерден сақтану шаралары туралы толық ақпарат қана бере аламыз. Әрі ит ұстайтын азаматтардың сана-сезімі, өзгелерге деген құрметі артқан кезде қаңғыбас иттердің қатары азаяр еді», — деген жауап алдық. Қаңғыбас, қараусыз қалған иттен құтылудың жолын қарастырамыз деп, олардың қаңғырып, далада қалуына өзіміз кінәлі болып қалғандаймыз. Заңға сүйенсек, біз оларға аяушылық танытуымыз керек екен. Сонда не болды, мәселе қалай шешімін таппақ?!
Мақаламызды түйіндей келе, жеті қазынаның қатарына енген иттің хакім Абай айтқандай: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» деген қанатты сөздері еріксіз ойға оралады. Сондықтан ит атаулыдан сақ болайық. Дегенмен қаңғыбас иттің қауіптілігін естен шығармайық, ағайын!
Нұрыш Нақыпова