Нұра ауданы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Қалиев Азамат Маратұлымен көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық туралы сұхбаттастық.

   — Азамат Маратұлы, биылғы көктем күн жылынып, қардың еруімен қатар,  боран және қалың түскен қарымен ерекшеленуде. Табиғаттың бұл құбылысы көктемгі су тасқыны кезеңіне қаншалықты әсер етеді?

  — Иә, көктемнің алғашқы айы наурыз қыс мезгілінде болмаған боранымен, қалың түскен қарымен алаңдатуда.  Бұл құбылыстың бәрін бақылауда ұстап отырмыз. Бүгінде Нұра ауданы бойынша гидрометеорологиялық жағдайға тоқталсақ  өзендер әзірше қысқы режимде. 2022 жылдың                         28 наурыздағы жағдай бойынша жер беті орташа алғанда  130 см тереңдікте қатып тұр. Жерге түскен қардың қалыңдығын алсақ, 22 сантиметрден 54 сантиметрге дейін, ал жер бетіндегі мұз қалыңдығы — 15 мм, өзендерде мұздың орташа қалыңдығы — 60 см. Наурыз айының 30-31 күндері ауа темпера-турасының көтерілуіне байланысты қар еріп, жанағы жер бетіндегі мұздың әсерінен  еріген қар суы жерге сіңбей, әзірге ауыл-ауылда, аудан орталықтарында ыңғайсыз-дық туғызуда. Бірақ алдын алу шаралары толық жүргізілуде. Нұра кентінің көшелеріне мотопомполар қойылып, жиналған суды күндіз-түні арнайы құрылғымен сору жұмыстары жүргізілсе, ауылдарда арнайы техникалармен қалың қарды бұзып, су ағарлар жасалуда.

    — Көктемгі су тасқынының халыққа қаншалықты зардап әкелетінін 2015, 2017 жылдардың көктемінде көрдік. Жалпы табиғаттың бұл мезгіліне дайындықты қай уақыттан бастадыңыздар?

 — Әр жыл сайын дайындықты көктемгі су тасқыны аяқталысымен, келесі жылдың көктем мезгіліне дайындықты бастаймыз. Жалпы аудан бойынша су тасқынына қауіпті 19 елді мекен,  465 аула бар. Сонымен қатар осы елді мекендердің 12-нде жер қорғау үйінділері бар. Осы үйінділерді су тасу науқаны аяқталысымен, арнайы техникалармен  көтеріп,  қайра бекіту жұмыстары жүреді. Аудан бойынша 5000 тонна инертті материал,  20 000 дана қап дайындалып, 32 дана сорғы құрылғысы, 28 бірлік мотопомпа, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде жылжымалы дизельді сорғы станциясы әзір тұр.

  —  Су тасқынының алдын алу барысында осы маусымда қандай шаралар атқарылуда?

  — Жаңа атап өттім ғой, дайындық өткен жылдан басталды деп. Сол дайындықты пысықтау мақсатында наурыз айының 1-2 аралығында  Изенді, Кенжарық, Құланөтпес, Нығман, Ақтүбек, Баршын, Бестамақ, Соналы елді мекендерінде су тасқыны кезеңіне дайындау бойынша рейдтік іс-шаралар өткіздік. 

  2 наурыз күні Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінен арнайы бульдозер алдыртып, Құндызды өзені бойындағы мұз кептелісін туғызуы мүмкін аумақтарда бей-берекет өскен өзен ағаштарынан тазалау бойынша жұмыстар жүргізілді.

  Сонымен қатар жол бойында орналасқан су өткізу құрылғыларын қардан тазалау жұмыстары наурыз айының басында басталған болатын. Міне, қазір борандар өткен соң, ол жұмыс қайра жүргізілуде. Жол бойында орналасқан ондай 589 дана су өткізетін құрылғы бар. Оның 76 данасы республикалық маңызы бар жолдарда, 241 данасы облыстық маңызы бар жолдарда, 272 данасы аудандық маңызы бар жолдарда орналасқан. 

    Қазіргі таңда су тасу науқанына деп 17 тонна жанар жағармай, 227 бірлік техника дайын тұр. Төтенше жағдай орнаған жағдайда автономды электрмен жабдықтау көздері жұмысқа дайын. Шектеу аймағына кіретін елді мекендер азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен және медицина қызметкерлерімен толық қамтылған. Байланыс үшін моторлы қайық та дайын тұр.

     Қазіргі уақытта ауданның елді мекендерінен 3,4 мың м3 қар шығарылды. Өзендердің 6 учаскесінде жарылыс жұмыстарын жүргізуге өтінім беріп қойдық.

    Осы кезеңге дайындық барысында кент және ауылдық округ әкімдеріне Нұра өзені арқылы өтетін рұқсат етілмеген өткелдерге ескерту белгілерін орнату және қоршау және аудан автожолдарындағы су тасқынын бақылау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

   —  Сақтықты аса қажет ететін  көктемгі жұмыстарыңызға береке тілейміз.  Сұхбатыңызға рақмет!

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial