Экономиканы ілгерілетуге іргелі кәсіпорындардың ғана емес, шағын және орта бизнес субъектілерінің де қосар үлесі қомақты. Бүгінде мемлекеттің қолдауын пайдаланып, жеке кәсібін ашқан азаматтар қатары көбейіп келеді. Нәтижесінде, әлеуметтің әлеуеті артып, жұмыссыздық мәселесі шешімін табуда.
Біздің Ақмешіт ауылында қаладан ауылға көшіп келіп, ауылымыздың көркеюіне үлесін қосып, кәсібін өрбітіп отырған азамат туралы мақала жазуды жөн көрдім. Абдрахманов Асан Үсенұлы — өзіміздің ауылымыздың тумасы кәсіп ашып, «BALTAO OOLKE» атты шаруа қожалығына төрағалық етіп отыр.
«Еңбек — ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» демекші, Президент те үнемі еңбек ет, кәсіп қыл, бизнестің көзін аш деп, халыққа үнемі үндеу тастап келеді. Оған қоса мемлекеттің барынша көмек көрсететінін де айтқан болатын.
Бірақ еңбекқор Асан Үсенұлы ондай мүмкіңдікке арқа сүйемей, отбасымен өз қаражаттарына Чехия елінен «Симментал» тұқымды қара мал әкеліп, сауынды отыз сиырды төлдетіп, жиырма сегіз бұзау алып, көбейтіп, ауылда екі отбасын жұмыспен қамтып отыр. Бұл бағыттағы жұмысын жетілдіре келе, әлі де бірнеше жұмыс орнын ашуды жоспарлап қойған.
Асан Үсенұлы кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүргеніне үш жыл болған. Алғашқыда ол бизнесінің жоспарын жасаудан бастаған. Алайда оған қаражат көзін табу, оны іске асыру оңайға түскен жоқ. Дегенмен ол алған бетінен қайтпай, кәсіптің көзін ашып, табыс табуды ғана мақсат етткен. Табыс көзін тапқан кәсіпкердің мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Болашақта ол бизнесін одан ары кеңейтіп, тұрғындар сұранысынан туған қосымша нысандар ашуды көздеп отыр. Атап айтқанда, алдағы уақытта жер мәселесі шешімін тапса, малға шабынды жер, егін егуді қолға алар едім деп отыр.
Сондай-ақ, тек қана ауыл халқын емес, қалалық тұрғындарды да сүт өнімдерінің түр-түрімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер:
— Отбасылық кәсіпті бастауға жанұямызбен ақылдаса келе, ортақ шешімге келдік. Мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді жүзеге асыру барысын қарастырдық. Мал – баққанға бітеді. Ата бабамыз қашан да мал бағып, сол бейнеттен береке тапқан. Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған ата кәсіппен шұғылданған-дардың ырысы мол екенін байқап жүрміз. Әрине, оңай кәсіп түрі деп те айта алмаймын. Қажырлы еңбекті талап етеді, – дейді.
Бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін көруге бел буған Асан Үсенұлы бүгінде кәсібінің нәсібін көруде. 30 млн теңге қаражатқа салған фермасы Зеңгі баба төліне толған. Кәсібін өрге домалатып, кеңейту мақсатында жұмыс жүргізуде.
Ата-бабамыз бұл кәсіпке ерекше мән беріп, жесең – ас, кисең – киім, төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгендігі де сондықтан болса керек. Соңғы жылдары қайта қолға алынып отырған мал шаруашылығы еліміз алғаш нарықтық қатынасқа көшкен тұста құлдырауды бастан кешкен еді. Дегенмен бүгінде болашағы зор бұл саланы жандандыруды жолға қойған жобалар жеткілікті. Расында, мал баққанға бітеді деп бекер айтпаса керек. Төрт түлігін төлдетіп, мал баққанның несібесі зор болмақ. Тіптен, экономиканы арттырып, шетел асырып экспорттауға да болады. Жерлесіміздің еңбегіне табыс тілейміз.
Акмарал Мухамедрахимова
Амешіт ауылы