Амангелді Айғаным — Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің үздік оқушысы, мектеп мақтанышы. Табиғатынан қарапайым, аласа бойлы, томпиған қара қыздың дарындылығын оның ибалылығы, көркем мінезі айшықтай түскендей. Қимыл- әрекеті, байыпты сөзі, тал бойына жарасқан осыншама қасиеттер өнегелі ата-анасынан қатар дарыса керек. Отбасының кіші перзенті болғандықтан, ата-әжелері де мейірімге бөлеп өсірді.
Жастайынан зеректігімен танылған оның әр пәннен де көрсеткіші жоғары, үздік болып келеді. Жоғарғы сыныпқа өтіп, бағыт таңдау кезінде математика, физика пәндерінен алғырлығын танытып отыр. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі белестерді бағындыруының өзі — бір бөлек дүние. Қашықтықтан оқыған уақыттың өзінде де ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында білу, ізденімпаздыққа ынтасын жоғалтқан емес. Негізгі орта мектепті үздік аттестатпен аяқтады.
7-8 сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағытында өткен Юниор олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысып, математика пәнінен 1-орын, аудандық ғылыми-практикалық конференциясына география, жаратылыстану секциясы бойынша қатысып, жүлделі 2- орын, 2019 жылы «BILGEN ALAMAN» ұлттық білім сайыстарының 2-ші Республикалық кезеңінде «БІЛГЕ БАЛА» атағын алып, бас жүлде иеленіп, ақшалай сертификат, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік парақтары. Тарихтың отыз беті» облыстық жобалық бейнероликтер фестивалінде «БАС ЖҮЛДЕ», «Мамандықтардың әлемін ашамыз» облыстық форумының аудандық кезеңінде «Мамандықты тыңдайтын уақыт» атты видеовлогтар байқауында 1- орын, «Кенгуру-математика для всех» халықаралық интеллектуалдық сайысынан 1-орын, 2021 жылы республикалық лингвистикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысып, 3-орын, 2018-2021 жылдар арасында НИО, КИО, ТИО Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиадаларына математика, физика, қазақ тілі, биология және т.б. пәндерден қатысып, жүлделі 1,2- орындар, 2021 жылы 8-11- сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың математика кезеңіне қатысып, 1 орынға иеленді. 2020 жылы «21-ғасыр — сауатты ұрпақ ғасыры» оқу сауаттылығы апталығы аясында жүлделі 1 дәрежелі орын, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Менің Отаным — Қазақстан» туристік-экспедициялық слетіне қатысқаны үшін сертификатқа ие болды. 2020-2021 оқу жылында еліміздің ауыл мектептерінің 9- сынып оқушылары үшін өткізілетін «IQANAT» олимпиадасының соңғы турына дейін математика пәнінен үздік нәтиже көрсетті. Ең соңғы іріктеу кезеңінде физика пәні бойынша қатысып, бүгінгі күні сырттай оқиды. Әр уақытта Бурабай қаласындағы IQHSB мектебінен (Айқанат жоғарғы мектебінен) дәріс алып келеді.
— Болашағынан зор үміт күттіретін Айғанымның түпкі мақсаты – математика пәнінің мұғалімі болу. Өзінің тынымсыз, ізденімпаздық дайындалғанының арқасында салмақты нәтижелерге қол жеткізді. Осы қарқыннан таймай, алдағы уақытта талай белестерді бағындырады деген сенімдемін, — дейді математика пәнінің мұғалімі Айман Алпановна.
Заман талабындағы сұранысқа ие мамандықты таңдап отырған Айғанымға ақ жол демекпіз.
Нұрыш Нақыпова