2022 жылдың 3-ші наурызы күні аудандық орталық кітапхана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай «Аты аңызға айналған әнші» атты кездесу-караоке өткізді. Кешке «Алтын жас» клубының мүшелері қатысты.
2022 жылы Роза Бағланованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі.
Іс-шара барысында ұлы әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетіліп, «Роза Бағланова» атты кітап-альбомының бейне тұсаукесері жасалды.
Кештің ерекшелігі караоке болды, онда кеш қонақтары Роза Бағланованың шырқаған «Әдемі-ау», «Іңкәрім-ай», «Сәулем-ай», «Ах, Самара, городок!» және т.б. әндерін орындады.
Іс-шара қонақтардың дастарқан басында бір-біріне денсаулық тілеп, өткен жылдарды еске алып, шынайы әңгіме өрбітуімен аяқталды.
…1922 жылдың 1 қаңтарында жарық дүниеге келген Роза Бағланованың өмірі өткен ғасырымыздың ұлттық символына айналған. Бұрынғы кеңес «КСРО» өкіметінің халыққа жасаған бүкіл қиянаты жап-жас Розаның басынан өткен. Азамат соғысы, жетім қалу, ашаршылық, халық жауы, босқыншылық, Отан соғысының қан майданы…, — бәрі, барлығы да … Жасы он сегізден жана асқан сүйкімді жас Өзбекстаннан қан майданның ең алдыңғы шебіне концер қоюға аттанған қыз-келіншектер ансамблінің құрамында соғысқа кетті. Әншілік, артистік жолы осылай басталды. Сөйтіп, Роза Бағланова 1945 жылғы 9 мамырда Берлинде болған Жеңіс концертіне қатысады.
1946 жылы Мәскеуде өткен бүкіл одақтық эстрада әншілері 2-конкурсының дипломанты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің 2- фестивалінің лауреаты атанды. Роза Бағланова Ленин, «Еңбек қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа ондаған медальдармен марапатталған. Атағы Жер жүзіне таралған қазақ әншісінің үні бүгінгі ХХІ ғасырда әрбір қазақ шаңырағында шамшырақ болып жайнайды.
С.А. Мұстафина