«Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауда айтқан сыни пікірі һәм талабы. Иә, ауылға бетбұрыс басталды.
Көбетей ауылында тауарлы — сүт фермасы ашылады
Көбетей ауылында жылына 10 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасы ашылады. Ең бастысы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы нәтижесінде жүздеген жұмыс орны құрылып, «екі қолға бір күрек» таба алмай жүрген ауылдағы ағайын жұмыспен қамтылады.
Жаңа кешен мың бас сауын сиырға арналып тұрғызылған. Кәсіпорын ауыл тұрғындарын қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті өнім өндірісін ұлғайтады.
Аталған агроөнеркәсіп кешеннің инвестициялық жобасы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қыркүйек айында Нұра ауданына барған сапары барысында мәлім болды. Мұндағы мал шаруашылығын дамыту ісімен «Черниговский и К» ЖШС айналысады. Серіктестік бұған дейін тек дәнді дақыл өсіру бағытын ұстаған. Жаңа ферманың құрылысы биыл басталды. Құрылысшылар іске кірісіп кетті. Қажетті құрылыс материалдары толық жеткілікті.
– Бұл арада бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. 2024 жылдың күзінде құрылыс аяқталып, нысан іске қосылуы тиіс, – деді «Черниговский и К» ЖШС-нің басқарушы менеджері Арман Нұржанов.
Тауарлы — сүт фермасында арнайы астық тазартқыш қоймасы қатар орналасады. Бұл жерге тамшылатып суару жүйесі тартылады.
Түйін
«Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек», – деген болатын Президент.
Иә, бұл күнде ауылға қамқорлық артып келеді. Кәсіпкерлерге берілетін грант пен жеңілдетілген несие – мемлекет қолдауы. Қарағанды облысының да әлеуеті жетерлік. Нұра ауданындағы серпіліс те басқа аудандарға үлгі боларына сенім мол.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ