НҰРА АУДАНЫНАН ШЫҚҚАН АЗАМАТТАР ОБЛЫСТЫҚ ФУТЗАЛДАН ӘУЕСҚОЙЛАР ЛИГАСЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТУДЕ.

  Қарағанды қаласында «Нұра» командасы 2020 жылы құрылды. Осы уақыт аралығында бір емес, бірнеше рет жақсы жетістіктерімен көзге түсті.

  Лига құрамасында Нұра ауданының намысын қорғап, атын шығарып жүрген екі  топ бар. Бірі — «Нұра жастары» деп аталса, екіншісі — «Нұра Мастер» деген атауға ие. «Нұра жастары» футбол құрамасы өз атында тұрғандай жас және орта буын өкілдерінен құралса, «Нұра Мастер» командасына 40 жастан асқан азаматтар кіреді. Екі топта да әуесқой ойыншылар  ойнайды.

  Нұра ауданының құрамасында  әзірге он бес ойыншы бар. Әрбірі бір-бір салада қызмет етеді. Кәсіби спортшы болмаса да, сүйікті істеріне уақыт бөліп, аптасына екі рет  жиналып,  алда болатын турнирлерге сақадай сай дайындалады. Осыдан екі жыл бұрын бәрін жаңадан бастаған топ бүгінде арттарынан еріп келген жастарды шыңдау үстінде.

  Командалардың өзіне тән ерекшелігі – ұйымшылдықта. «Бірлік түбі — береке» деген ұстанымды алға тарта отырып, бетпе-бет келген кедергілерді бірге еңсеруде. Футбол командасына Нұра өңірінің тумасы Мейрам Искаков демеушілік көрсетті. Жомарт жан жастардың аяққа нық тұрып кетуі  үшін командалық форманы, футбол доптарын, жаттығуға керек жабдықтарды сыйға тартқан. Команда мүшелері демеушілермен серіктес болуға әрдайым дайын. Нұра ауданынан шыққан, футболдың нағыз жанашырларын топқа қабылдауға, үйден жырақта жүрсе де, жайлы орта қалыптастыруға әзір.

  Нұрлы Нұраның азаматтары қазіргі таңда Қарағанды қаласында облыстық футзалдан әуесқойлар лигасында бақ сынасып жүр. Ойын барысында орын алған соңғы жаңалықтарды Instagram әлеуметтік желісіндегі «mfc.nura»  парақшасынан көруге болады. 

Команда ойыншылары алдағы уақытта да Нұра ауданының атынан шығатын болады.  Олардың мақсаты —  Нұра ауданынан Қарағанды қаласына келген жастарды өзіне тарту, салауатты өмір салтын насихаттап, Нұра ауданының намысын қорғайтын мықты команда қалыптастыру.

«Нұра» командасы

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial