Тарих қойнауында қалып бара жатқан Ауған соғысы жылдарының елесі көптің санасында ұмыт болғанмен, сол кездегі жауынгерлердің, қазіргі ел ағаларының бейнесімен қайта жаңғыруда. Ауған соғысының аяқталғанына 15 ақпанда 33 жыл толды. Сол кездегі соғысқа аттанған өрімдей жастардың алдында үлкен мақсат тұрды. Ол — Ауғанстан жеріндегі дұшпандар басшылығына тойтарыс беру, бейкүнә халықтың тыныштығын қорғау және Отан алдындағы интернационалдық борышын өтеу болатын. Осындай ауыр аманат арқалап, өлім мен өмір белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман ағамыз — Муханалиев Боранбай Қасымбекұлы.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына байланысты «Коворкинг» орталығында «Ауғанстан жылдары біздің жадымызда» атты Ауған соғысының ардагері Муханалиев Боранбай Қасымбекұлымен кездесу кеші өткізілді. Кешімізге Баршын ауылының әкімі З.К. Муханалиева, әкімішілік аппаратының мамандары Т.Жакоти, З.Сарин, Мәдениет үйінің қызметкері Ж.Рамазан және мектеп оқушылары қатысты. Бұл кештің басты мақсаты — оқушыларға Ауған соғысы жайлы толық мәлімет беру, ардагер ағалармен ашық әңгімелесу, сұхбаттасу. Өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету. Кездесу барысында кітапханамыздың «Жас қыран» патриоттық клубының мүшелері дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Б. Муханалиев оқушылардың қойған сұрақтарына толғаныспен жауап бере келіп, ауылымызда мақтан тұтатындай азаматтар бар болғанын айтып, Ерлан Нұрғалиев жайлы айта кетті. Ауған соғысы жайлы слайд көрсетілді. 8-сынып оқушысы Мүталлап Ербол «Ауған жыры», «Мен қазақтың баласы» әндерін орындады. 9-10-сынып оқушылары «Ұрпаққа аманат», «Армысыңдар, ауғандық жауынгерлер!», «Өмірді қайта жалғандар», т.б. 9 сынып оқушысы Рахметолла Венера «Жауынгер хаты» өлеңін нақышына келтіре оқыды. Сөз барысында Боранбай Муханалиев Ауған соғысы кезінде басынан өткен оқиғаларымен және жақын жолдастары жайлы естеліктермен бөлісіп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, оқушыларға өз елінің патриоты болуға шақырды. Кеш соңында ауыл әкімі З.Қазанбаена Ауған соғысы жайлы сыр шерте кетіп, бұндай қайғы-қасіреттің енді болмауын, елдің амандығын тілеп, оқушыларға ерекше ықыласын білдірді. Кеш соңында ардагерімізге сыйлық табысталды. Ардагерлерімізге барынша қадір-құрмет көрсету – біздің борышымыз.
Сарина Ақнұр Қайратбекқызы
Баршын ауылдық
кітапханашысы