Әр өңірдің рухани дамуы оның мәдениетімен тығыз байланысты. Осы салада Шахтер ауылының үрмелі аспаптар оркестрінің алар орны ерекше. Оркестрдің негізгі құрамы өткен ғасырдың екінші жартысында 1960 жылы құрылған. Жарты ғасырдан астам халықты өнерімен, сазды әуендерімен қуантып келе жатқан оркестрді 2005 жылы Махаметчин Ахан Дулатович жетекшілігіне алды. Мектеп, ауыл, аудан көлемінде өтетін барлық іс-шаралар оркестр сүйемелдеуінсіз өтпейді.
Қарағанды облысы бойынша «халықтық» атағы бар балалар үрмелі оркестрінің репертуарында 50-ден астам шығарма бар. Оркестрдің репертуары өте кең және стилі мен жанры алуан түрлі, оған отандық және шетелдік композиторлардың шығармалары кіреді.
2007 жылы алғаш рет үрмелі аспаптар оркестрі «халықтық» атағын қорғаған, содан бері әр төрт жыл сайын өз дәрежесін дәлелдеп отырды. Ағымдағы жылдың 23 сәуірінде 25 адамнан құралған топ Қарағанды қаласында облыс деңгейінде тағы бір мәрте «халықтық» атағын жетістікпен қорғады.
Классика, ретро, соғыс әуендері, танго, полька, әр түрлі вальс, эстрадалық әуендер үздіксіз орындалды. Музыкаға беріліп, орындау шеберлігі мол оқушыларды атап өткен жөн. Махаметчина Айдана, Васильев Данил, Мейрам Алдияр өздерінен кіші балаларды жетелеп, көмектесіп отырады. Сонымен қатар оркестрге ауыл жастары Омаров Мақсат, Беркеев Ерлан, Егимбай Еркентай, Черкас Кирилл, Ерденбай Асылбек, Юсуп Дайыр сынды мектебімізден шыққан азаматтар тартылған. Бұл жігіттер мектеп жасынан оркестр құрамында өнер көрсеткен, ер жетсе де өнерден қол үзбей, күні бүгінге дейін өз бауырларымен бірге халықтың назарында жүрген жайлары бар.
Ауылымыздың, ауданымыздың абыройын асқақтатып, «Халық оркестрі» атағын қорғап келген ауылымыздың көркемөнерпаздарын құттықтап, алдағы уақытта асқақ армандарыңыз орындалып, сіздерді өнердің биік шыңдарына жетелесін деп тілек білдіреміз!
Юсупова Жулдыз Қайратовна,
Қ.Шайменов атындағы ЖББМ
тәрбие ісінің орынбасары