«Ән — көңілдің ажары» демей ме? Көңілі ажарлы адам қартаймайды. Өнерде өміршеңдік бар. Өнерге құштарлық — өмірге құштарлық.
Ән мен күй базары — ешқашан қызығы тарқамайтын қуаныш пен шаттық базары. Ән мен күйге бөленген әрбір сәт — өмір-тіршіліктің ең бір сәтті шағы.
Бүгінгі әңгіме төңірегі Нұраның ардагерлер ансамбльдері жайлы болмақ. Олар: Амангелді Шахарбаев жетекшілік ететін «Ақ әжелер», Гүлмира Жакудина жетекшілік ететін «Замандас» пен «Жігер» ұйымдары. Міне, осы үш ұжым бірігіп, «Нұрлы Нұра» хор ұжымын құрайды. Оның мүшелерінің орта жасы жетпістің үстінде. Ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, бүгінде абыз қарт, ақ әже болып, айналасына «айналайындарын» шуақты қабақтарымен жаудырып отырған асыл жандар.
Өнерпаз ардагерлер өнер жолында өз қолтаңбаларын айшықтап, репертуарларын жылдан-жылға байытып отырады. Ауданымызда өткізілетін түрлі мәдени көпшілік іс-шараларда өнерлерін көрсетіп, жас ұрпақтармен кездесу кештерінде өз өнерлерінен сыр шертіп, халықтық өнердің алтын қазынасын ақтарып, мирас етіп келеді.
«Нұрлы Нұра» хор ұжымы концерт беруде өз ауданымыздың көлемімен шектелмей, облыстық «Ардагерлер ән салады» фестивальдеріне Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларына жетекшілері Светлана Викторовна Чемерисовамен қатысып, өнер көрсеткен. Кейінгі 2 жылда жаһандық пандемияға байланысты іссапарлары да тоқтаған болатын. Соған қарамастан, ардагерлер ұжымдары өз шеберліктерін шыңдауды тоқтатпады.
Ағымдағы жылдың 3 мамырында Балқаш қаласында дәстүрлі «Ардагерлер ән салады» атты фестиваль өткізілетіні жайлы хабарландыру алғаннан бастап ұжымдар дайындығын бастап кетті. Ең алдымен фестиваль ережесіне сәйкес репертуар таңдалды. Гүлмира Ерғалиқызы мен Амангелді Базарбайұлының көмегімен соғыс әндерінен М.Исаковскийдің «Огонек» пен Ш.Ұзақбаеваның «Ардагерлер маршы» таңдалды. Әндерді дауыстарға бөліп, әр орындаушының нақышына келтіріп айтуды үйрету Мәдениет үйінің жас маманы Қанат Ермекке жүктелді. Үш ұжымның да мүшелері бір кісідей, уақыттарымен санаспай дайындыққа келіп жүргеннің арқасында әнді орындау шеберліктері жоғары деңгейге көтерілгендері көрермендердің ықыласынан көрінді. Ұжымдар мүшелерінің ішінде жақын маңдағы Заречное, Қарой, Көбетей ауылдарынан келетіндері де бар. Бұл нағыз өнерді бағалайтын жандардың қолынан келетін іс деп ойлаймын. Сонымен, әне-міне дегенше мамыр да жақындап, көлік табылып, сахналық киімдері ыңғайланды.
2 мамыр күні демеушілікпен жалданған үлкен ыңғайлы автобусқа кешке отырып, түн жүріп 3 мамырда Балқаш қаласында өнерлі ардагерлеріміз ХХХІІ облыстық «Ардагерлер ән салады» фестиваліне қатысты.
Фестиваль таңертеңгі 10.00-де мерекелік шерумен басталды. Шараға қатысушылар «Даңқ» аллеясының мемориал алаңына гүл шоқтарын қойды. 11.00-де Мәдениет сарайында концерттік бағдарламада өз өнерлерін көрсетті. Шараға облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 21 хор ұжымы қатысты. Сахна төрінде 55 пен 85 жас аралығындағы 450-ге жуық әншілер өнер көрсетті.
Ұлағатты өмірлерін ән-жырмен, саз-күймен өріп келе жатқан туған жердің тұғырлы ардагерлері өнер тоғыстырған «Нұрлы Нұра» хор ұжымының шығармашылық белестері жалғаса береді деген сенімдемін.
Р. Құтжанова
Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі