Ауданымызда жасөспірімдерді вакцинациялау қараша айынан бастау алып келеді. Ата-аналар мен жасөспірімдердің қалауы бойынша вакцинацияны, білім беру ұйымдарында, емханаларда жеке тәртіпке сай жүргізуге рұқсат етіледі. Вакцинация жұмысы басталмас бұрын ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әр мектепте әуелгі бетте ZOOM платформасы, кейіннен жүзбе-жүз кездесу барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстардың жүргізілу барысын білу мақсатында Нұра аудандық ауруханасы директордың ана мен балаларды қорғау ісі жөніндегі орынбасары Смаилова Томирис Имантайқызымен жүздесудің сәті түсті. «Бүгінгі күні 12-17 жас аралығындағы 631 жасөспірім Pfizer вакцинасымен егіліп отыр. Вакцинацияланған жасөспірімдердің арасында дене қызуы көтеріліп, ауырып, болмаса денсаулықтарында басқалай ауытқу болған жоқ. Бұл Pfizer вакцинасы негізі екі кезеңнен тұрады. Яғни, біріншісін алғаннан кейін екіншісі жиырма сегіз күн өткеннен кейін алынады.
Бүгінгі күндері қалаулары бойынша балаларды мектепке барып егуді де жүргізіп отырмыз. Әуелі мектеп – баланың өзіне үйреншікті өзіне таныс ортасы. Екіншіден, балалар үшін қауіпсіз орта, өйткені емханаларға басқа да науқастар келеді. Сондықтан бала денсаулығына еш қатер болмауы үшін мектептердің екпе кабинеттерінде де вакциналауды ұйымдастыруды ұйғардық. Барлық мектептерде екпеден кейін де жарты сағат күтіп отыратын арнайы кабинет бар, яғни бар жағдай жасалған, әрбір балаға жіті көңіл бөлінеді. Бір жағынан мұғалімдер де дәрігерлермен бірге жағдайын қадағалап отырады. Білім беру ұйымының басшыларына да түсіністік танытып, медициналық қызметкерлерге көмектесіп жатқанына алғыс айтқым келеді. Балалар ауырып, қайта-қайта карантинге кете беретін болса, білімнің де сапасы болмайтыны шындық», — деді. Ауданымыздағы вакцинацияланған ересек тұрғындар саны — 11151, жеті жүкті әйел, жүз тоғыз бала емізетін әйелдер болса, ревакцинацияланғандар – 2474 адамды құрайтынын білдік. Әрине, бұл тұрып қалған тұрақты сан емес. Күнделікті егілетіндер саны артып отыратыны бесенеден белгілі. Мамандардың пайымдауынша, баланың иммунитеті жеткілікті болған жағдайдың өзінде КВИ-ге қарсы вакцина егілген адамға коронавирустық инфекциядан қорғайтын арнайы иммунитет береді. Өкінішке орай, табиғи арнайы емес иммунитет әрдайым инфекцияларға қарсы тұра алмайды, нәтижесінде егілмеген адамдар ауру жұқтырған кезде сырқаттанудың және асқынулардың пайда болу қаупі жоғары болатын көрінеді. Сондықтан да «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» дұрыс болар.
Нұрыш НАҚЫПОВА