Иә, осы жолғы турнирда да Чуутан Арзангул тобындағы қыздардың бес асық ойынында жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған «Бес асық» ойынынан 2010-2012 жылғы туылған жасөспірімдер арасында ғы Қарағанды облысының чемпионатында «Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебі (РО)» оқушыларынан құрылған қыздар командасы І орынды еш талассыз жеңіп алды. «Нәтижесінде, Қызылорда қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алдық. Бұл жеңіс біз үшін салмақты жеңіс болып отыр десем артық айтқандық емес. Себебі, Қарағанда облысы атынан үшінші жыл қатарынан бірінші орын алып, жеңіс тұғырына көтеріліп отыр. Тек біздің жеңісіміз деп айтқаным да артық болар. Себебі мектеп директоры Татьяна Николаевна мен интернат меңгерушісі Жанат Орынбекқызының да үлесі зор. Алаңсыз арнайы дайындық үшін бөлме беруі жаңа жетістіктің зор бастамасы деп білемін, — деді жаттықтырушы Чуутан Арзангүл. Таяуда Абай қаласында өткізілген Қарағанды облысының әкімдігі, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған «Бес асық» ойынынан 2003-2006 жылғы туылған жастар арасындағы Қарағанды облысының чемпионатында қыздар командасы жүлделі 2-орынға табан тіреді. Сөз кезегінде айта кететіні, Арзангүл республикалық кезеңдерде төрешілік құрамында, әділ шешім шығаруда да білімді, адал. «Асық ойынын тек «ойын» деп қабылдағанымыз дұрыс емес, өйткені ол баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, жылдамдыққа тәрбиелейді. Қимылын бақылау арқылы ойын жинақтап, дәлдікке көздеуге бейімделеді. «Бес асық» ойыны он екі кезеңнен тұрады. Негізінен, берілген он бес минутта барлық кезеңді еш қатесіз уақытында ойнап шығу керек. Біздің қай топтың болсын қыздары уақытты ұтымды пайдалана алады. Республикалық кезеңнің қиындығы сол — жеті-ақ минут беріледі. Осы жеті минутта барлық кезеңді қателік жібермей ойнап үлгеріп шығу керек. Әрі бұл кезеңге оңтүстік өңірден әккі командалар көп қатысады. Дегенмен біздің Тущанова Еркеназ, Сағындыққызы Ақерке, Төлегенова Ақнұр, Сейбуллаева Алина, Жапанова Дильназ, Қуат Гүлфайруз, Калабаева Мерей атты қыздарымыздың мықты екендігін мақтанышпен айта аламын. Былтыр Шымкент қаласында өткен республикалық жарыста 20 команданың ішінде тоғызыншы орын алдық. Біз үшін бұл жақсы көрсеткіш деп білемін. Осындай алыс сапарларға балаларын баптап, маған сенім білдірген ата-аналарыма шексіз ризашылығымды білдіремін. Біздің әр жарысқа қатысуымызға Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Пронин Игорь Юривич қашан да қолдау көрсетіп отыратындығына алғыс білдіремін. «Бес асық» ойынындағы басты мақсат — қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу.
Осы арқылы ұлттық құндылығымыздың артықшылығын, ерекшелігін жас ұрпақ бойына сіңіру деп білемін», — деп масайрады. Чуутан Арзангүл қалай масайраса да орынды. Өйткені бұған дейін де Ұлттық мектеп лигасында Ыбырай Алтынсарин мектебінің 5-6 сынып оқушыларынан құралған командасы республикалық кезеңге жолдама ұтып алған болатын. Яғни, алдағы уақытта екі республикалық жарыс өз кезегін күтуде. Асығың алшысынан түссін, Арзангүл демекпіз!

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial