Айтыс – бабадан қалған асыл мұрамыз. Тарихқа жазылған деректерден бізге белгілі қазақ пен қырғыздың айтысы, қыз бен жігіттің айтысы, қайым айтыс, т.б. көптеген айтыстар. Суырыпсалмалылық, дәл тауып айту, бір шумақтың ішіне мыңдаған ойлар мен мәселелерді кіргізу, екі ауыз сөздің ішінде ақиқат пен астарлы ойлардың жатуы шын өнер, шын шешендік. Өзімнің арғы атам Мұстафа ауыл жиналыстарында шешімін таппай жатқан мәселелерді әділ шешіп, ұтқыр ойларымен халыққа ой тастаса, өзімнің атам Құсайын мамандығы агроном болғанымен, бойында ақындық өнері бар, баянда керемет ойнаған, «сегіз қырлы бір сырлы» жан болған. Бала кезімнен отбасымызбен, әсіресе әкем екеуміз айтыстың әр бағдарламасын үзбей көреміз. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, менің де айтыс өнеріне деген қызығушылығым осы кезеңдерде пайда болған еді.
Әкем әлі күнге дейін Оразалы Досбосыновтың, Бекжан Әшірбаевтың, Қуаныш Мақсұтовтың айтыстарын көреді, ұлттық өнерді дәріптейді. Ғабиден ағамнан дарыған ақындық өнерді жандандырып, колледжде оқып жүрген кезімде студенттер арасында ұйымдастырылған айтыс байқауларында өзімді сынап көрген болатынмын.
Қазіргі цифрлық заманда жастарымыздың, әсіресе оқушыларымыздың айтысқа қызығушылығының аз болуы –рухани дерт. Осы мәселе мені көп ойландыратын. Сол себепті биыл Жараспай ЖББ мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан кезімде, өзімнің ойымдағы жоспарымды қолға алып, жүзеге асырсам деген ой болды. Өскелең ұрпақтың бойына айтысқа деген қызығушылығын арттырып, қазақи өнерімізді оқушылар арасында насихаттау. Осы мақсатта сабақтан бос уақытта ақындық өнерге бейім, поэзияны жақсы көретін оқушыларды жинап, қосымша сабақтар өткізіп отыруды қолға алдым.
Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай 7-11 сынып оқушылары арасында “Жас тұлпар ” және “Жыр алыбы – Жамбыл” атты ақындар айтысына шәкіртім, 7-сынып оқушысы Қапыш Аярысты аудандық кезеңге дайындап, І орын алып, облыстық кезеңге өтіп, облыстық кезеңнен де І орын иеленіп, республикаға жолдама алдық. Айтыста облысымыздың 20-дан астам ақындары өз бақтарын сынады. Қарағанды қаласында өткен облыстық айтыс байқауында әділ қазылар алқасының құрамында ақын Айтбай Жұмағұл мен айтыскер Дидар Қами болды. Аярыстың өнерін жақсы бағалағаны соншалық — қазылар алқасы Аярысқа «Сары бала» деп ат қойды.
Алдағы республика байқауында үлкен жетістіктерге жетеміз деген ойдамын. Айтыс өнерін дәріптейтін шәкірттеріміз көп болғай!
Құсайын Дінжан Ғайниденұлы
Жараспай ЖББ мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі