Соңғы уақыттарда қай қазақтың үйіне бара қалсаңыз, соғым етін ағаш астауға салып әкеліп жатқанын көресіз. Ағаштан өңделіп жасалған, үстелге қоюға ыңғайлы ет тартатын астау, қымыз құятын тегене, саптаяқ, күбі, піспек, ұлттық өрнектерімен әшекейленген тостаған, кесе, қасық та қазіргі уақыттағы ұлттығымызды ұлықтайтын құндылығымызды әспеттейтін бұйым болып отыр.

О  сындай бұйым жасаудың шебері, байтуғандық жерлесіміз Хызырбек Серікболдың жұмыстары көңілге қонымды, тұтынушылық сапасы қолайлы болып отыр. 2010 жылдан бері Байтуған жалпы білім беретін мектебінде көркем еңбек пәнінен дәріс беріп келеді.

  Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология пәні мамандығы  бойынша маманданған ол 2014 жылы осы оқу орнын көркем еңбек пәні мұғалімі мамандығы  бойынша қайта даярланғандығын тілге тиек етті. «Негізінде,  әр маман өзінің қай бағытқа бейім  екендігін аңғарғаннан кейін сол бойынша терең даму жолына түскен дұрыс деп ойлаймын. Себебі бұл біздің әулетімізбен  әкеден балаға жалғасып келе жатқан, көзімізді ашқаннан таныс, қанымызға сіңіп қалыптасқан өнер. Қуандық Қапсәмет деген үлкен атамыз он қолынан өнер тамған шебер болған кісі. Анам киіз басу, ши өру, тоқыма өнерімен айналысқан. Осы ортада өскендіктен болса керек, табиғатым мені осылай қарай бұрды да тұрды. Мен өзімді керемет шебер едім деп айтудан аулақпын. Мектеп бағдарламасына сай ағаш өңдеу тәсілдерін үйрете отырып, техникалық сызба, эскиз жөнінде түсінік беру ұлттық бұйымдар дайындауға бағыт беру болып табылады. Қазақ өмірінде көп қолданылатын ағаштан жасалған бұйымдардың түрлері сан алуан.  Ағаштан  шабылған кез-келген ыдыс мықты әрі әдемі екені рас. Темірде көбіне тат болады, ал ағаш табиғи, таза өнімге жатады. Сондықтан ағаш ыдыстармен тамақтанудың денсаулыққа пайдасы орасан зор. Қайыңнан ойылып жасалатын бұйымдар үшін шикізаттың көп керек екені белгілі. Шикізатты жазғы уақытта қамдап алуға тырысамын. Дайындалатын заттың бетін тегістеу, оймыштап бедер салу, бояу ағаш бетін қыздырылған металмен қару, біздің ұшымен қарып,  өрнек, жазу түсіру — барлығы аса дәлдікпен тындырылатын әдіс. Ағаш бөліктерін қатарластыра қари отырып, сарғыш қоңырдан шымқай қара түстің арасындағы реңдерді шығару да оңай шаруа емес. Ағаштан дайын ыдысқа айналғанға дейін қаншама жолдан өтетіні сабыр мен төзімділікті қажет етеді. Негізі мамандығым ұстаз болғандықтан, кәдесый дайындау, байқауларға бұйым әзірлеу жұмыстарын оқушылармен бірге, көрсете отырып үйрету басты мақсатым болып табылады. Дамыған өркениетке жету үшін ұлттық құндылық қанына сіңген, жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаны ұлттық үрдіс, ұлттық қолөнерді меңгерген ұрпақ қана   жанашыр, ұлтжанды ұрпақ болып өспек. Менің оқушыларым облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді».

  Ата-анасы Монғолияның Баян-өлкесінен 1991 жылдары көшіп келіп, Балықтыкөл ауылына тұрақтаған. Ол кезде мектепте оқитын Серікбол 1995 жылы Балықтыкөл орта мектебін туған елде аяқтаған екен. Бүгінгі күні жары Бидаймен отандасып,  бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған жайы бар. Қыз баласы өз алдына отбасы болса, ұлы Аңсар — мектеп оқушысы. Көзін ашқалы ұлттық  қолөнерді көріп өсіп келе жатқан оның сурет салып, мүсін жасауға икемденіп келе жатқаны байқалады.  «Мақсат мол, жұмыс жетерлік. Мектеп шеберханасында бесік, сандық, кәделік бұйымдар дайындау үйреншікті жұмыс. Қажет болған жағдайда заманауи әрленген ағаш астау, күбі, дөңгелек үстел жасау қолға алынып отыр.  Тұтынушылардың сұранысы бойынша азын-аулақ дүние дайындап, сатуға да бейімделіп келеміз. Алдағы уақытта үлкен үстел мен орындықтар жасауды мақсат етіп отырмын. Қазіргі уақытта сәнге айналған ұлттық өю-өрнекпен әшекейленген ағаш ыдыстар қымбат. Оның өзіндік машақаты да мол.  Ең алдымен ағашты таңдау, дайындау, су ағашты бабымен кептіру, сақтау сияқты үлкен сын шеберге жүктелетін жауапкершілік. Жақсы, сапалы дүниенің қашаннан қымбат болатыны – заңдылық. Әр қазақтың үйінде ұлттығымызды ұлықтайтын  бұйым болғаны жарасымды. Ұлттық бұйым — үйдің сәні.

Нұрыш НАКУПОВА

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial