«Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал шын мәнінде, керісінше болу керек».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен
Аудан бойынша ағымдағы аптаның басты жаңалығы жергілікті халыққа қызмет көрсететін такси қызметі бағасының көтерілуі болды.
«Такси неге 400 теңге?» деген сауалмен редакцияға хабарласқан тұрғындардың талабын қанағаттандыру мақсатында аудан орталы-ғында орналасқан «Нұра» мен «Сұлтан» такси ұжымдарына бардық.
«Сұлтан» такси орталығының жетекшісі Жүгінісов Съезд Тыныштықбайұлымен жұмыс барысында кездестік. Сұрағымызға жатырқамастан бірден жауап берді:Неге такси қымбаттады деп емес, неге дүкендерде азық-түлік қымбаттады деп сұрамайсыздар. Біз осы жерде жүріп табыс тауып жүрміз. Жігіттердің тапқан табысы біріншіден көліктің жанар жағар майына кетсе, енді бір бөлігі оның саймандарына кетеді. Онымен қатар отбасыларына табыс әкелулері керек. Күн ұзаққа осы жерде жүріп тапқан табысынан пайда көрмеген соң, жұмысқа шықпай, бір-екі күн қолымыз байланып қалды. Бағаны аспаннан алып көтермедік, күнделікті өмірдің ағысына ілесе алмай қалған соң, көтеруге мәжбүрлі болдық- деді.
Сөзінің жаны бар. Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасы күн санап бір-екі теңгеден болсын қосылып, өсіп келе жатқаны шындық қой деген оймен келесі такси ұжымына бет алдым. Бұл жерде такси жүргізушісі Сартаев Бауыржан мырза мен такси диспечері Ақбота қарсы алды.
Бірден мән жайды түсіндіріп, не үшін келгенімізді айттық. «Сұлтан» такси ұжымының басшысы Съезд мырзаның айтқан ойы қайталанды. Ақботаның айтуынша тапқан табысы шарықтаған бағаның соңынан қуып жете алмаған соң, такси қызметкерлері жұмыстан бас тартқан. Сол кезде екі күн қатарынан «Нұра» ұжымының басшысы Азамат Баймағанбетов мырзаның жалғыз өзіне жұмыс істеуге тура келген. Бір өзі он адам атқарып отырған қызметті алып кете алмаған соң, такси қызметкерлерінің талабына көнуді ұйғарған.
Түсінгеніміз аудан орталығындағы қос такси ұжымының жүргізушілері бір күнде жұмыстан бас тартқан. Жан-жақтан қыспақтаған баға тұрақсыздығы, 300 теңгеден 400 теңгеге көтеруге әкеп соққан.
Азық-түлік дүкендерінен бөлек осы көлікке қажетті автобөлшектерді пұлдайтын дүкендерді де аралап, баға пайымымен таныстық. «Ақ-нұр» дүкенінің сатушысы Владислав Войлов жылдың басынан көлік саймандары мен майларының бағасы 30-50 пайызға өскенін растады. Ал, «Nurai» сауда орталығында орналасқан автобөлшектер дүкенінің иесі Ардақ Ашкеев:
Баға бір рет өсіп қана қойса жақсы ғой. Олай емес әр тапсырысымыз әр түрлі бағамен, кем дегенде 3-5 пайыздан қосылып, өсіммен келеді. Біз де табыс табуды көздеп отырған соң, сол мөлшерде бағасын қосып тұтынушыға ұсынамыз,-деді.
Сонымен қатар «қыстың қамын жаз ойла» демекші әр көлік иесі темір тұлпарын қытымыр қысқа шыдап беру үшін дайындауы керек. Бүгінде жазғы дөңгелектің ең арзаны 25 мың теңге болса, қысқы маусымға арналған арзан деген дөңгелектің құны әзірге 30 мың теңге. Ол баға бүгінгі күндікі. Ертең ол өзгеруі әбден мүмкін. Көліктің сақадай сай болуына жалғыз дөңгелек кепілдік бермейді. Оған ауыстыратын моторының майы бар, радиаторының антифрисы бар солай жалғасып кете береді.
Ал, бізге бірден такси қызметінің қымбаттағаны ерсі көрінді. Өз жеке басымыздың қамын ойлап, «Такси неге 400 теңге?» деп, бағаның көтерілгеніне наразылық білдірдік, байыбына бармадық. Таксидің құны 300 теңге болып осыдан үш жыл бұрын көтерілген екен. Үш жыл ішінде күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың құны қалай құбылғаны көз алдымызда. Салыстыра қарасақ такси жүргізушілері төзіп баққан сынды. Ендігі бағаның өсуіне тұсау салу келер күннің еншісінде. Оған біздің жоғарыда көрсеткен Президенттің Үкіметке берген тапсырмасы дәлел.
Біздің журналисттік зерттеу осындай болды. Жол амандығын берсін!
Тазагүл ПШЕНБАЕВА