Өлкетану — Нұра орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басты бағыттарының бірі. Жыл сайын кітапхана өлке тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, белгілі және белгісіз атақты жерлестеріміздің өмірі мен шығармашылық жолын насихаттауда алуан түрлі жұмыстар атқарады.
Биыл атақты жерлесіміз, әдебиет зерттеушісі, ағартушы, ғалым-филолог Дәкен Шалабекұлының туғанына 100 жыл толып отыр.
Осы айтулы датаға Нұра ауданы Мәдениет және тілдер бөлімі, Б.Ысқақұлы атындағы орталық кітапхана және Ақмешіт ауылдық кітапханасы «Нұра – Ақмешіт» веложорық формасында «Өлмейтұғын артына із қалдырған» атты акция ұйымдастырды.
Іс-шараға туған өлкенің тарихына қызығушылық пен құрмет көрсеткен түрлі жастағы 30-дан астам велошабандоз — Нұра кенті, К.Мыңбаев, Ақмешіт ауылдарынан және Б.Ысқақов атындағы орталық кітапхананың қызметкерлері қатысты. Жарыс орталық кітапхананың жанында жиналудан басталды.
Ауыл әкімі А.Акашев бастаған веложорық кезінде шексіз қуаныш пен патриоттық сезім велошабандоздарды ғана емес, белсенділердің жолында кездескен, өтіп бара жатқан барлық адамдарды билегендігі сезілді.
Іс-шара Ақмешіт ауылдық кітапханасында Дәкен Шалабековтың туыстары арасында кездесумен жалғасты. Олар: Дәкен Шалабековтың жұбайы Шалабекова Үміт, қызы Шалабекова Гүлмира және жақындары Шалабеков Төлеген – «Тұлпар» шаруа қожалығының басшысы.
Кездесуге сондай-ақ ауыл әкімі аппараты және Ақмешіт ауылының тұрғындары қатысты.
Нұра орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы С.Жұмабеков пен ауыл әкімі А. Акашев осы іс-шараның маңыздылығын, Дәкен Шалабекұлын еліміз және бүгінгі жас ұрпақ ұмытпай, ақынның шығармашылығы, әсіресе тәрбиелік мәні зор әдеби шығармалары жастарымызға үлгі-өнеге ретінде мәңгі жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жете беретінін айтты.
Кітапханашы Б.Мұстафина «Туған өлкем, жерұйығым, жұмағым» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырып, Дәкен Шалабековтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасады. Ғалымның «Қарағанды жұмысшыларының әңгіме-жырлары» атты жинақ кітабымен таныстырды.
Бүгінге дейін ғылыми маңыздылығы сақталған осы жинақтан кітапхана оқырмандары үзінділер оқыды.
Кітапхананың белсенді оқырманы Айтолқын Жанабай қатысушыларға атақты жерлесімізге арнаған «Қазақтың жүрегінде сен жүресің» атты өлеңін ұсынды.
Одан соң Б.Ысқақов атындағы орталық кітапхананың Дәкен Шалабековтың 100 жылдығына арнап ұйымдастырған «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрметте» атты эссе сайысының жеңімпаздары марапатталды. Олар: Ахметова Айна – 1-орын (Нұра), Беиспаев Мейіржан – 2- орын (К.Мыңбаев), 3-орын иегерлері: Болат Айдана (Шахтер), Аршкенова Айсұлу (Ақмешіт), Қабдолла Нұрай (Баршын).
Байқауға қатысқан барлық үміткерлерге өз пікірлері мен көзқарастарын бөлісуге деген ұмтылысы үшін алғыс айтамыз.
Соңында Дәкен Шалабековтың туыстары ұлағатты ұстазды еске алып, ізгі тілектерін білдірді.
Үміт апамыз жұбайы туралы естеліктерімен бөлісіп, нұралықтарға баталы тілектерін айтты. Веложорыққа қатысушыларға сый-сияпат жасалды. Ал қонақтарға атақты жерлесіміздің мерейтойына арналған жадынама таратылды.
Іс-шараға көмек көрсеткен барлық қатысушыларға, сонымен бірге веложорық кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз еткен Нұра ауданының ішкі істер бөліміне және аудандық медицина бірлестігіне алғыс білдіреміз.
С.А.Мұстафина
«Оқырмандарға
қызмет көрсету»
секторының басшысы