Полиция қызметкері болу біліммен қатар төзімділік пен шыдамдылықты, қажет кезде білекті болуды да қажет ететін мамандық.
Нұра ауданының ПБ штаб инспекторы, полиция капитаны Бейсекеева Мөлдірді сырт келбеті мен түріне қарап тіпті алғыр деп ойламауыңыз мүмкін. Дегенмен ақыл мен айла, табандылық бар жерде бәрін де еңсеріп тастауға болатыны көрініп-ақ тұр. Бұл салаға қызметке келместен бұрын жаяу жарыста алдына жан салмайтын Мөлдір Зиябекқызы волейбол ойынына ептілігін көрсетіп, бірнеше дүркін марапатқа да ие болды. Мектеп жасында сонымен қатар домбыра класына қатысып, өнерге де бейімділігін танытып, жүлделі орындарға қол жеткізді.
Осы жан-жақтылығы 2008 жылы Қарағанды қаласы «Болашақ» колледжінің заңгер мамандығы бойынша оқуға түскенінде де жалғасын тапты. Дебаттарға екі тілде де еркін қатыса беретіндігімен ерекшеленген. «Үздік зерттеуші» номинациясына қол жеткізгендегі қуанышым дәл бүгінгідей есімде. Мектеп жасында ата-анамыз әр саладан болсын хабардар етуге баулитын. Бала кезімнен маған адамдарға көмектесу, әлсіздерді қорғау ұнады, бұл қасиеттер сөзсіз полиция қызметкеріне тән. Содан болар, есейе келе жүрек қалауымен заңгер мамандығын таңдадым. 2016 жылы Орталық Қазақстан академиясының «заңгер» бакалаврын бітіріп, 2018 жылы академияның заң ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие болдым. Жұмысым өзіме ұнайды, басқа мамандық иесі болуды көз алдыма елестете де алмаймын», — деп әңгімесінде, — Әкем Зиябек те осы салада қызмет істеп зейнеткерлікке шыққан еді. Алтын әжеміз тура жүретін, әділдікті сүйетін адам еді. Баласының заң адамы болғанын қалаған екен. Содан әкем, онан кейін мен полициялық қызметтемін. Әжемнің арманы орындалды деуге толық негіз бар», — деп мақтанышпен әңгімесін аяқтады. Сөз арасында: «Жалпы адам екі нәрседен қателеспеуі керек деген пікір қалыптасқан: бірі — жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау. Екеуі де өмірімізде елеулі орын алады, екеуі де өмір бойына қатар жүреді. Осы пікір маған лайықты айтылған сияқты», — дегенді де қосып қойды.
Мөлдір — қызмет жолымен қатар, тұрмыс құрып, отбасы шаруасын дөңгелетіп отырған асыл жар, аяулы ана. Жан жары Абылай да Нұра ауданының ПБ КПБ жедел уәкілі болып қызмет істейді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бір салада қызмет атқарып, Имран есімді ұл бала тәрбиелеп отырған жайы бар.
Еңбек жолын 2012 жылдың сәуір айынан Қарағанды облысы ІІД Нұра ауданының ІІБ ақпараттық-техникалық тобының технигі қызметінен бастаған Мөлдір Зиябекқызы бүгінде штаб инспекторы, полиция капитаны. Қарағанды облыстық ішкі істер басқармасының екі дүркін марапатына ие болған сенімге лайықты жан. Уәдеге берік, іске адал, сөзге сараң, қатаң тәртіптің адамы.
Қашанда ел тыныштығын, адамдардың бейбіт өмірін қорғау жолындағы Мөлдір Зиябекқызы сынды полициия қызметкерлерінің ерен еңбектері қашанда сенімге лайықты.
Нұрыш Нақыпова