Қарағанды облысы білім басқармасының 2019 жылғы 12 ақпандағы №1 хаттамасын орындау мақсатындағы Нұра ауданының білім беру бөлімінің 2019 жылғы 08 сәуірдегі №168 бұйрығына сәйкес 2019-2020 оқу жылында Мағжан Жұмабаев атындағы ЖББ мектебінде «Жас сарбаз» сыныбы ашылып, 7-сынып оқушылары оқитын сыныптар «Жас сарбаз» сыныбы деп аталды. Екі сынапта барлығы 28 оқушы ант қабылдап, ресми куәлік алды. Оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында жыл сайын ауған соғысының ардагерлерімен, Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізіп, негізгі біліммен қосымша әскери білім ала алды. Одан бөлек, спорттық-мәдени шаралар да жиі өткізілді. Атқарылған шаралардың барлығының түпкі мақсаты – рухы мықты, елі мен жеріне адал, нағыз патриот азаматтар тәрбиелеу.
«Жас сарбаз» атанған оқушыларымыз үш жылда толағай табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Қазіргі таңда экстремизм, терроризм деген жағдайлардың қоғам дертіне айналып кеткені жасырын емес.
«Жас сарбаз» қозғалысының негізгі мақсаты – осындай келеңсіз жағдайлармен ашық күресе алатын толық адам тәрбиелеу. Алдымызда өсіп келе жатқан жасөспірімдерді әскери-патриоттық қызметке көбірек тарту міндеті тұр. Біріншіден, өскелең ұрпақ әскери іс туралы базалық білім алуы керек. Олар физикалық дайындалған еліміздің патриот азаматы болып өсуі тиіс. Екіншіден, елімізде әскери білім алған резерв болуы керек. Үшіншіден, жастар бос жүрмей, спортпен айналысып, техниканы, ақпараттық технологияны меңгеріп өссе, бәсекеге қабілетті ел боламыз. «Мәңгілік ел» жастарының болашағы баянды, Ұлы дала әскері қуатты болады. Жас сарбаз сыныптарына қойылған мақсаттарды жүзеге асыру барысында аталмыш сыныптармен түрлі бағытта жұмыстар жүргізіп келеміз, — деді алғашқы әскери дайындық жетекшісі Болатхан Ерлан.
«Маған «Жас сарбаз» сыныбында оқыған ұнайды. Мұнда біз әртүрлі әскери дайындықтарды үйреніп, әскери шараларға жиі қатысамыз. Болашақта ел қорғайтын азамат болып, әскери қызмет атқаратындай, Көкшетау қаласындағы жоғары әскери оқуға түсуді жоспарлап отырмын», — деді «Жас сарбаз» сыныбының оқушысы Мұхамеджанов Ұлан.
Ағымдағы жылдың 14 маусым күні «Жас сарбаз – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында Мағжан Жұмабаев атындағы ЖББ мектебінің 9-сынып оқушыларына салтанатты түрде «Жас сарбаз» қосымша оқу бағдарламасын меңгергені және негізгі мектепті бітіргені туралы аттестат табысталды. Маңызды іс-шараға Нұра ауданының қорғаныс бөлімінің басшысы, подполковник Абишев Азамат Каиргельдинович және басқа мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері шақырылды.
Аталған шараға қатысқан Нұра ауданының қорғаныс бөлімінің басшысы, подполковник Абишев Азамат Каиргельдинович ең бірінші жас сарбаздардың алғашқы әскери дайындықтарына риза болып, оқушылардың автомат жинау дағдылары мен қол күрестен көрсетілген көріністерін тамашалады. «Осыдан үш жыл бұрын отансүйгіштік сезімді ояту үшін патриоттық бағытта тәрбие беру мақсатында «Жас сарбаз» антын қабылдаған оқушылар аз уақыт ішінде қаншама толағай табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Сіздерді «Жас сарбаз» қосымша оқу бағдарламасын меңгергені туралы аттестат алуларыңмен құттықтаймын. «Отан – отбасынан басталады» деді.
Балаларды жастайынан отансүйгіштікке, елі мен халқына, жеріне адал қызмет ететін адами құндылықтарға баулу өте маңызды. Жас сарбаздар болашағынан үлкен үміт күтеміз. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады», — деген еді. Сондықтан да қазіргі «Жас сарбаз» алдағы 30 жылдың ішіндегі жаңа Қазақстанды одан әрі нығайту үшін еліміздің туын жоғары ұстап, нағыз патриот тұлғаға айналады деген сеніміміз мол.
Усабаева Б. Н.
М. Жұмабаев атындағы ЖББМ
тәрбие ісінің меңгерушісі