Иә, біз ұлттық бес асық ойынынан республикалық ойын жүлдегеріміз. Сәуір айында аудандықтан басталған ойынның облыстық кезеңінен 8-10 жас аралығында өткен облыстық іріктеу кезеңіндегі ойынымызды Қарағанды қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі үздік деп бағалады. Нәтижесінде, 1 орынды жеңіп алдық. Республикалық кезең Шымкент қаласында өткізілді. Оған республиканың әр түпкірінен он төрт команда қатысқан болатын. Аптаға жуыққа созылған жарыста жүлделі тоғызыншы орынға табан тіредік. «Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 4-сынып оқушылары Қуатова Аяна мен Қалабаева Мадина, 5-сынып оқушылары Сейбуллаева Алина, Сағындыққызы Ақерке, Төлеген Ақнұр ойын ережелерін сақтай отырып, мүмкіндігінше жоғары ойын көрсетті. Ауылдан ұзап шықпаған төртінші-бесінші сынып оқушылары үшін бұл зор жетістік деп санаймын. Он жасынан облыс намысын қорғаған бүлдіршін қыздарымның шығар биігі алда деп есептеймін. Алдағы уақытта ептілігіміз еселене түсетініне сенімім мол.
Маған сенім артып, сонау оңтүстікке жіберген қолдаушы ата-аналарыма алғысым шексіз. Бос уақытымызда Түркістан қаласына саяхаттап бардық. Қыздарым поезға алғаш мініп, ел көріп, жер көріп шаттанып оралды. Ойын барысын өздерінше талқылап, келесі кездесулерге тіс қайрап қайтты деуге болады. Нәтижесінде, шынығу мен жаттыға түсудің қажеттігін білді. Қазақ халқының ұлттық ойындарының қай-қайсысы болсын ептілікті, өжеттілікті, шапшаңдылықты, тапқырлықты талап етеді. Тоғызыншы орынның өзін бірінші орынға балап келді. Қуанышымызда шек болмай отыр. Бізге қарағанда орынсыз қайтып жатқандар да болды. Біз осы орынды місе тұттық. Сондық республикалық кезең жүлдегеріміз.
Чуутан Арзангул
Нұра аудандық балалар мен
жасөспірімдер спорт мектебінің
аға жаттықтырушысы