Қаңтар айының тамаша күнінде арнайы «Нұра» сауда үйінің ішінде орналасқан «Алина» перде салонына табан тіреген едім. Салон иесі Назымбекова Лиянна Қайратқызына кездескен сәтте-ақ  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Нұра ауданының әкімі Аян Тиыштықұлының  ауданымыздың бірсыпыра тұрғындарына бірнеше атаулы марапаттар табыстағаны, оның ішінде өз ісінде айтарлықтай нәтиже көрсетіп, жетістікке жеткен, өз саласының үздігі атанған  Қарағанды облысы әкімінің бір миллион грантын ұтып алған аудан жастары болғанын, әрі солардың қатарында осы қаршадай қыздың бал-бұл жанған дидарын көргенім есіме еріксіз оралды. Аядай ғана салон іші рет-ретімен жинақталған матаның түрлілігімен әрленгендей. Перделік ханшайым велюрі, блекаут, софт, спандекс, 3Д, суэт, габардин, атлас сынды матамен қатар ілінген капронь, леон, табля, креп, бамбук, кристалл, арганза, 3Д тағы басқа гүлді тюльдік маталар әдемілігімен көздің жауын алғандай. Әйел адам болған соң сұлулыққа таң қалмасқа болмас.Әңгімеміз орайласа кетті.

   -Иә, таяу арада облыс әкімінің бір миллион грантын ұтып алғаным рас. Қажетті құжаттарымды жинап өзім қатарлы жастармен бірге байқауға  қатыстым. Арада шамалы уақыт өткеннен соң шешімге лайықты саналып грантқа ие болдым. Қуанышымда шек жоқ. Жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған қолдау мен үшін шабытыма шабыт қосқандай болды. Іргемізді кеңітіп, ауқымды салон ашуды мақсат етіп отырмын. Оның алдында аудан әкімінің бес жүз мың грантын иеленгенімде жаңа сапалы кәсіби тігін іс машинасын жиектеуішпен бірге сатып алған болатынмын. Бизнестің тігін саласымен 2017 жылдан бері айналысып келемін. Аяқ алысымыз жаман емес.

 -Жұмысыңыздың басты ерекшелігі неде?

 -Жұмыстың басты ерекшелігі – матаның әдемі принтін ойластырып, керемет көрініс табуын назарға алу. Перде қай бөлмеге екені, бөлменің көлемі, қабырғаның биіктігі қандай түс аша түсетінін анықтап алу керек. Матаның

сапалығы, үйлесімділігі адамға қашан да жарқын көңіл күй сыйлайтындығы белгілі. Бұйымды дайындау барысында шығармашылық шеберлік бірінші орында тұруы керек деп есептеймін.

 -Шығармашылық шеберлікпен жүргізілген жұмыста көмекшің бар шығар?

   -Шағын іске көп іскер жиюдың керегі жоқ деп есептеймін. Сол себепті басты ақылшым да, көмекшім де Гүлсара анашым. Әуел баста істі бастап берді де маған табыстады. Қазіргі уақытта барлық қызығым мен қуанышымды, табысым мен таңдауымды бірге жасасып келеді.

  -Тапсырыстар көп пе? Тек қана перде тігумен айналыспайтын сияқтысыздар ғой…

 -Дұрыс айтасыз, өзіңіз байқап отырғаныңыздай пердеден бөлек төсек жапқыш, декоративті жастықтар, жастықтың тысы, валик жастық, диван жапқыш, орындықтардың үстіне жапқыш,қыз жасауына қажетті бұйымдар  дайындаймыз. Қазіргі уақытта римдік, ролл перде – сәнде. Жұмысымыз тікелей тапсырысқа байланысты. Тұтынушының кез-келген сұранысын қалауы бойынша дайындап уақытында тігіп шығуға тырысамыз. Ерте келіп кеш кететін, кейде тіпті уақытқа қарамай  тапсырысты аяқтағанша жұмыста болатын күндеріміз де болады. Шығармашылықпен нәтижеге ұмтылыстар көп десем дұрыс болар.

  -Өмірлік ұстанымыңыз…

  —  Негізінде өзім Алматы қаласы Т. Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникасы академиясын – есеп және аудит мамандығы бойынша экономист және бизнес бакалаврі дәрежесіне 2019 жылы аяқтағанмын. Оған дейін осы мамандықтың колледжінде оқыған едім. Өз анам жастайынан іс тігуге машықтанса, анамның Мақыш әжесі керемет тігінші болған екен. Соған қарағанда тігіншілік тегімізде бар сияқты. Әр адам өзінің табиғатына, икеміне қарай мамандық таңдағаны дұрыс. «Адам баласы екі түрлі таңдауда қателеспеуі керек; бірінші – мамандық, екінші – жар таңдау» деген қалыптасқан қағида бар. Түсінген адамға осы маңызды жолды дұрыс таңдағаны – өмірлік азығы, ұстанымы болса керек. Мен өзімнің қалаулы қадамымды дұрыс жасадым деп ойлаймын.

   -Әңгімеңізге рахмет.

Нұрыш Нақыпова

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial