Амантай Нұркен Жанбекұлы 2016-2017 жылы Астана қаласы «Айбын» президенттік полкінің құрмет қарауыл ротасы құрамында әскери ант қабылдап, азаматтық борышын атқарған болатын. Жауынгерлік қабілеттілік пен тұрақты дайындық аса маңызды шарт болып табылатын әскери тәртіпке бойы үйренді. Өзі қалап барған азаматтық борышын абыроймен атқаруды міндетім деп санаған жас жігіт елге оралысымен еңбекке араласты. Темірдей тәртіп – адал еңбектің бастамасы.
-Мен үшін президенттің және басқа да лауазымды тұлғалардың қатысуымен өтетін мемлекеттік іс-шараларды қамтамасыз ететін құрмет қарауыл ротасында Отан алдындағы борышымды өтеу — үлкен абыройлы ісім болды деп есептеймін.
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ант қабылдап, тік жүріп, асқақтата ән салып жүрген ағаларға керемет қызығатынмын. Бала шақтан солдат болуды арман етуші едік қой. Өзім өтініш білдіріп, әскер қатарына қабылданғанда кеудемді шексіз қуаныш билеген болатын. Ол кезде тіпті «Айбынның» құрамында боламын деп ойламаған да едім, — деп әскер қатарында болған шақтарын қуана еске алып, — Әскерден есте қалған сәт қоян-қолтық жекпе-жекте жеңіске жеткенім үшін он күндік демалыс берген болатын. Ауылға келіп, қауқылдасып, қуанып қалған едік. Сол кездегі анамның қуанышында шек болмап еді, — деп масаттанды жас жігіт.
Әскер қатарында болу болашақ мамандығын таңдаудағы даңғыл жолы болды. Қарағанды қаласындағы «Фемида» заң академиясын “заңгер” мамандығы бойынша 2021 жылы тамамдады. Бүгінгі күні Нұра ауданының полиция бөлімшесінде қызмет етіп келеді. Оның міндетіне құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылықтарды болдырмау, жедел медициналық жәрдем қажет адамдарды емдеу мекемелерiне жеткiзу сияқты толып жатқан істер кірмек. Қарапайым отбасында қазақы тәлім-тәрбие алып өскен Нұркеннің алдында ағасы, артынан еріп келе жатқан тағы үш інісі бар. Інілерінің де келешекте Отан алдындағы азаматтық борышын өтегенін қалайтынын байқадық. «Менің ойымша, жүрегі елім деп соққан әрбір азамат әскерде болу керек деп есептеймін. Бұрынғы уақытта аталарымыз тіпті үш жыл бойы, әкелеріміз екі жыл қызмет атқарған. Сондық олар шыншыл, шыдамды, әділ, көпшіл, қарапайым болып қалыптасты. Қазіргі уақытта бір-ақ жыл әскери борышыңды өтейсің. Лезде елге орала қаласың. Жас жігіттердің әлжуаз болуы да осыдан шығар…» .Бос уақытын салауатты өмір салтына арнайтын Нұркен кезінде бокспен де айналысты. Ауылды жер, дегенмен де бастапқы тренері Хамзин Төлеутай сауатты шынығудың қыр-сырын үйретті. Ер азамат иманды, жігерлі, қайратты болуын қалайтын азаматтың бойынан осы қасиеттерді де анық байқадық.
Нұрыш НАҚЫПОВА
“НҰРА ТАҢЫ”