Қазақстанның бас санитарлық дәрігері қаулысының Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істеуге тиіс нысандарын ескере отырып, Егінді ауыл клубында 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Шуақ шашқан мереке» атты салтанатты концерт өтті.
Мереке күніне демеушілік көрсеткен ауылшаруашылық бірлестіктеріне, шаруа қожалықтарына ауылдастар атынан мың алғыс айта отырып, зор денсаулық, отбасыларына амандық тілейміз. Концерттің жүргізушілік тізгінін ұстаған ауыл кітапханашысы Оспанова А.А., клуб меңгерушісі Умербаева Азиза Дулатовна әдемі кешті ұстаз Қалдыбаев Берік Азимбаевичтің орындауын-дағы «Анаңды сүйсең, менше сүй» атты тамаша әнмен бастады. Мейірімділік пен сұлулық, даналық пен рухани қуаттылық салтанат құрған күні ауылымыздың аяулы аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді. Ел үшін еселі еңбек атқарып, халықтың алғысына бөленіп, елмен етене жұмыс жасап келе жатқан ауыл азаматтары ізгі тілектерін білдірді. Алғашқы болып құттықтау сөзін алған ауыл әкімі Бастенов М.Б., ауыл имамы Курамысов А., ауыл шаруашылық бірлестігінің басшысы Қадырбаев Д.Е., Абдолла Асылбеков атындағы мектеп директоры Султанова Ж.Ж. нәзік жанды әйелдер қауымын шуақты мерекемен құттықтап, түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен қыз-келіншектерді марапаттады. Аудан әкімінің «Құрмет» грамотасы және естелік сыйлықпен тыл ардагері Плачковская Таисия Романовна, мемлекет қызметінде 15 жылдай қызмет еткен Ахантаева Алмаш Тулешовна марапатталды. Ауыл мектебінің ұстазы Жакупова Маржан Дюсенбековна облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен, сыйлығымен марапатталды. Ауыл әкімінің Алғыс хаттары мен гүл шоқтарына ие болған нәзік жандылар да біршама: Чекуряева М.М., Ильясова З.З., Кусаинова К., Апсалоне Л.А., Мустафина Г.Х., Кузеубаева А.Н., Котова Л.Э., Бексултанова А.Е., Зенгин А.К., Капашева А.М., Шестернина Т.С., Ахметова А.Е., Сакенова Ғ.Е.
Құттықтау соңын ала «Ал, кәнеки, әжелер! -2022» сайысы ұйымдастырылды. Сайыстың әділ өтуін қадағалау үшін әділқазылар алқасы сайланды: Кусаинова Қ., Брауер И.Н., Мустафина Г.Х. Аталмыш сайысқа Абеуова Салтанат Кұрамысқызы, Келманова Халжан Жаңабайқызы, Беркимбаева Айгүл Сайлаубекқызы, Умирбаева Күләш Сайлаубекқызы қатысты. Сайыскерлер «Сәлем — сөздің анасы», «Ең іскер, ең шебер» (ұршық иіру), «Сыр-сандық» (сұрақ-жауап), «Өнерлі өрге жүзер» сынды төрт кезеңнен өтті.
Сайыс нәтижесі «Супер әже», «Білгір әже», «Сырлы әже», «Шебер әже» номинацияларына жіктелді. Көрерменді баурап, тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша “Супер әже” номинациясымен Умирбаева Күляш, «Шебер әже» номинациясымен Абеуова Салтанат, «Білгір әже» номинациясымен Келманова Халжан, «Сырлы әже» номинациясымен Беркимбаева Айгүл марапатталды. Сайыскерлерге мадақтамалар мен естелік сыйлықтар үлестірілді.
Мерекелік кештің шырайын ауылдастар, ұстаздар, клуб және кітапхана ұжымының қызметкерлері әуезді ән, мың бұралған бимен өрнектеп, әйел-аналар мен сұлу аруларды, абзал әжелерді үлкен қуанышқа бөледі. Оспанов Рахат Зекенович «Розовый вечер», “Сиреневый рай”, Қалдыбаев Б.А. «Анаңды сүйсең, менше сүй», Умербаева Азиза «Бақытты әйел» әндерін тамылжыта шырқаса, биші қызымыз Жумабекова Жангүл «Фламенко» испан биін орындады.
Сонымен қатар Аймуғамбет Алинаның «Мама» әні, кішкентай ханшайым Аймуғамбет Асияның «Ақ дидарлы анашым» әні, Бейбіт атасы мен Жания әжесінің немересі Серіктай Нұрисламның құттықтау өлеңі, «Аэробика кому за 50» би тобының өнері көрікті кештің көркін аша түсті. Кеш соңы «Ауылға барам» әнімен түрілді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі — бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды. Кештің мазмұнды, әсерлі өтуіне жетекшілік еткен клуб меңгерушісі, жас маман Азизаға еңбек жолындағы алғашқы бастамасына сәттілік тілейміз. Концерттің ойдағыдай өтуіне ат салысқан ауыл тұрғындарына, қажетті уақытта қолдау көрсеткен ауыл әкімшілігіне, сайысқа қатысқан әжелерімізге, ата-аналарға, «Нұр-Астық» бірлестігінің ұйымына, мектеп директоры мен ұстаздар қауымына, оқушыларға алғыс білдіреміз. Сіздердің қамқорлықтарыңыз біз үшін өте құнды. Шынайы ықыласымызды көп жылдар бойы музыканың сәнін, мәнін келтіріп жүрген, керемет жұмысы үшін Оспанов Рахат Зекеновичке білдіреміз.
Барымыз берекеге, берекеміз мерекеге ұласуын, ауызбіршілігіміз нығая түсуін шын жүректен тілейміз.
Оспанова А.А.
Егінді ауылдық кітапханашысы