Бүгінгі кейіпкеріміз Бейспекова Жамила Аманжоловна — «Жараспай» ЖШС-нда отыз жылға жуық есепші болып қызмет атқарып келе жатқан маман. Қарапайым, өзіне қатысы жоқ шаруада жұмысы жоқ, ер мінезді адам екен. Әңгіме басында: «Шынымды айтсам, көркем әдемі сөзге жоқпын, орысша оқығандығымнан шығар», — деп істің басын ашып алды. Қазақша-орысшамыз араласса да, әңгімеміз өзара сабақтасып кетіп отырды. Әуелгі бетте «за что» деп қалса да, отыз жылғы еңбегін санамалап келгенде, ойланып та қалғандай болды. Шынайы, тәрбиелі, сөзі салмақты, орынды, отбасының ұйытқысы бола білген асыл жар, аяулы ана екенін ісінен таныдық. Көбетей ауылында туып-өскенімен, мектепті Киевка кентінде бітірген ол арман қуып, Целиноград қаласындағы ауылшаруашылық институтын «қаржыгер» мамандығы бойынша аяқтаған. Қолына диплом алысымен, Бұқар жырау ауданында еңбек жолын бастаған. Әкесі Нығметов Аманжол мен анасы Балтабаева Әсия Аюповна — екеуі де педагог. Көпбалалы, мұғалімдер отбасында тәлім-тәрбие алған екен. Отыз төрт жыл отасқан отағасы Серік те — жарының жанын түсінетін, отбасының бірлігі мен берекесі болып отырған жарының қамқоршысы . Ұл-қыздарының білікті маман, адал азамат болып өсуінде белді бекем буған азамат. Ұлы Руслан, қыздары Гүлдана мен Гүлназ да өмірден өз орындарын тапқан мамандар. Мереке қарсаңында қандай келін екендігін білгіміз келген сұраққа Бақыт енесін мақтап ала кеткенінен тәуір келін болғанын түсіндік. Бір қызығы, «енді қандай енесіз?» деген сұраққа да келіні Жанботасын «ұқыпты, ұлымның асыл жары, немерелерімнің анасы. Үйінің шаруасын домалатып отырған, біз дегенде жаны бөлек» деп ала жөнелгенінен білдік.
Әйел-ананың меңгермеген мамандығы жоқ . Ең басты мамандығы — аяулы ана болу бақыты. Бақыт ұшқыны жалын атқан жанарынан сезілген Жамила Аманжолқызының аяулы жар, асыл әже, ардақты ана екендігіне риза болдық. Әлемді әдептілігімен әдемілеген әйел-ананы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Нұрыш Нақыпова
“НҰРА ТАҢЫ”