Алғыс айту күні – еліміздегі тыныштық  пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуының салтанатты күні болып саналып келе жатқанына да алты жылдың жүзі болыпты. Күнделікті өмірде, тұрмыста қоян-қолтық араласып,  бір туғандай  болып кеткендіктен болар, түсіне қарап бүгінде «сен кімсің» дейтін күн жоқ екені рас. Лена алақандай Кеңжарық ауылында дүниеге есігін ашқанда, өзге ұлт дегеннің кім екенін білмеген де болар. Ата-анасы, бауырлары тай-құлындай тебісіп, ауылдың шаңдағында қазақтармен бірге өсті. 1972 жылы Изенді ауылына өзі қатарлас қазақтармен бірге мектепке барды, 1982 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Бой жетіп қалған қыздарын ұлты орыс болған соң, ата-анасының не ойлағанын кім білсін, Ресейге өз тумаларына аттандырған болатын. Бірнеше жыл сонда жұмыс істеді. Бойы сыймайтын сияқты ма, қонақта жүрген сияқты ма, әйтеуір алыста қалған туған ауылын аңсаумен, сағыныш толы жүрегі бері тартатын да тұратын. Ата-анасын ренжіткісі келмеді ме шыдауға тырысты. Мейірімі мен кеңпейілдігі, бауырмалдығымен баураған ақ жарқын қазақ ортасын аңсаумен болатын еді. Бала күннен бірге өскен алыс Кеңжарықтағы достарын есінен бір шығарған емес.

   Не керек, 1988 жылы өзі туған ауылына оралды.

  Лепявко Елена Михайловна Естремский Николай екеуі тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. Дарья, Леонид, Виктория есімді ұл-қыздың ата-анасы болып отыр. Жағасы жайлау, көңілі тоқ, уайымы жоқ. Изенді ауылының  модельдік кітапханасында 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Арасында бала күтімімен отырды, қайтадан жұмысына оралды. Табаны күректей отыз үш жыл кітапханашы болып жұмыс істеп келеді.

 Заман талабына сай 2016 жылы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжін «кітапханашы» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Күйеуі «Отқанжар» ЖШС механизатор болып жұмыс істейді. Ұлы Леонид те механизатор.Үлкен қызы Дарья бүгінде отбасымен Қарағанды қаласында тұрады. Ол Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетін қазақ бөлімінде  грантта оқып шықты. Кіші қызы Викториясы Нұра орта мектебінде  оныншы сыныпта оқиды.

-Ұл-қызым — барлығымыз қазақ тілінде сөйлесеміз.Тек үйде ғана орыс тілінде сөйлесеміз, өйткені күйеуім қазақ тілінде сөйлей алмайды. Бірақ барлық сөзді дұрыс түсінеді. Қазақшасы дұрыс шықпаған соң қысылатын шығар, — деп те қойды, — үлкен қызым Дарья қазақ тілінен бірнеше байқауларға қатысып, үнемі алдыңғы қатардан орын алып жүретін. Соның арқасында университетті де қазақша үздік бітіріп шықты. Қазақтың барлық салт-дәстүріне үйреніп алдық. Кезінде әке-шешелеріміз Қазақстан жеріне қоныс аударған екен. Түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым етемін. Қиын-қыстау заманда өзге ұлттың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Өзім кітапханашы болып жұмыс істегеннен соң, тарихын жақсы білем десем артық айтқандық болмас. Өз туған жерім оттан да ыстық. Бұл — менің қасиет қонған құтты мейірім мекенім. Сол үшін де қазақ еліне шексіз ризамын, — деп зор мақтанышпен әңгімесін аяқтады.

  Нұрыш НАҚЫПОВА

  “НҰРА ТАҢЫ”

от Oljas

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Wordpress Social Share Plugin powered by Ultimatelysocial